Францияның Мемлекеттік кеңесі - елдің ең жоғарғы әкімшілік инстанциясы БТА-банктің бұрынғы басшысы Мұхтар Әблязовты Ресейге экстрадициялау туралы шешімнің күшін жойды. Бұл туралы BBC News хабарлап отыр.
Бүгін Мемлекеттік кеңес үш жыл бойы Францияда қамауда отырған Әблязовтің ісін тағы қарады. Оны үш бірдей мемлекет сұратып отырғанын айта кетейік. Олардың алғашқысы - Ресей Федерациясы, екіншісі - Украина және үшіншісі өзінің отаны - Қазақстан.
Бұған дейін аталған іс бойынша процеске қатысқан баяндамашы Әблязовты Ресейге беру туралы шешімнің күшін жоюды ұсынған болатын. Оның айтуынша, РФ экс-банкирді саяси мақсатта ғана өзіне алмақ көрінеді. Яғни, БҰҰ-ның арнайы баяндамашысы Нильс Мельцердің пікірінше, Ресей Әблязовты Қазақстанға беру үшін ғана экстрадицияламақ. Ал, Қазақстанда оның өміріне үлкен қауіп төнуі мүмкін дейді БҰҰ өкілі.
Айта кетейік, былтыр күзде Франция үкіметі Мұхтар Әблязовты Ресейге беру туралы шешім шығарған.
БТА-банкінің бұрынғы басшысы Францияда 2013 жылы ұсталған болатын. Ресей оны 5 млрд долларды алаяқтықпен жымқырды деп айыптаса, Украина соты оның 400 млн долларға алаяқтық жасағанын алға тартып отыр. Қазақстан тарапы да экс-банкирді миллиардтаған долларды алып, шетел асқаны үшін сырттай соттады.