Елдің дамуы жайлы сөз болғанда өңірлердегі әлеуметтік-экономикалық көрсеткіштері назардан тыс қалмайтыны анық. Президенттің тапсырмасымен аймақтардағы халықтың тұрмысын жақсартуға бағытталған «Қуатты өңірлер – ел дамуының драйвері» ұлттық жобасы бекітілген болатын. Skifnews.kz ақпарат порталының бүгінгі санында Жамбыл облысында ұлттық жоба барысында аймақта қандай жұмыстар атқарылып жатқаны туралы баяндаймыз.
Биылғы жыл қорытындысы көрсеткендей қала тұрғындарының орталықтандырылған ауыз сумен қамтылу көрсеткіші 91%-ды, ауылдық жер тұрғындарының қамтылу деңгейі 88,8 %-ды құрап отыр. 2022 жылға арналған жоспарға сәйкес, аталған көрсеткіштер тиісінше 92,3 % және 93,6% болуы тиіс.
2022 жылы 31 сумен қамтамасыз ету жобасының құрылыс жұмыстарына 13,5 миллиард теңге қаражат бөлінген. Бұл қаражат мөлшері өткен жылға қарағанда 13,5 %-ға көп. Облыс орталығындағы алты тұрғын үй алабының 6,4 мың адамын, 13 елді мекеннің 33,5 мың тұрғынын орталықтандырылған ауыз сумен қамтамасыз ету жоспарланып отыр.
2025 жылдың аяғына дейін халықтың 100%-ын таза ауыз сумен қамтамасыз ету жоспарланған. Кешенді блок-модульдер халқының саны екі жүзден аспайтын 31 елді мекенде орнатылатын болады.
Сонымен қатар биылғы жылдың аяғына шейін газбен қамтамасыз ету көрсеткіші 88,6%-дан 89,5%-ға ұлғайтылады. 2022 жылы 17 елді мекеннің 11,3 мыңға жуық тұрғыны табиғи газға қол жеткізеді.
Өңір басшысы да елді мекендерді таза ауыз сумен қамту бойынша жұмыстарды жеделдетуді, ауылдық жерлердегі әлеуметтік нысандарды газдандыру бойынша жауапты тұлғаларға тапсырмалар жүктеген болатын.
2021-2025 жылдар аралығында аймақтарды дамыту үшін Үкімет «Қуатты өңірлер – ел дамуының драйвері» ұлттық жобасын бекіткен болатын. Бұл жобада өңірлердегі тұрғындарды газбен, жылумен, ауыз сумен толығымен қамту, олардың баспана мәселесін шешу жақсарту, жолдардың сапасы, халықтың тұрмыстық жағдайын, жұмыссыздық мәселесін шешу сияқты міндеттер қарастырылған.
Облыста тұрғын үйлер құрылысы қарқынды түрде жүруде. Былтырғы жылдың өзінде 650 мың шаршы метр баспана пайдалануға берілді. 2021 жылы 76 тұрғын үй құрылысы жүргізілсе, биыл 44 баспана тапсырылмақ. Сонымен 2500-дей адам пәтерлерінің кілтін алады.
Өткен жылы баспаналы болған 1079 жанұяның 477-сі әлеуметтік әлсіз топтағылар болса, 107-сі жетім балалар, 166-сы – көпбалалы жанұя, 329-ы – бюджеттік мекеменің қызметкерлері.
Былтыр Жамбыл облысында автожол инфрақұрылымын дамыту үшін 12,7 млрд теңге қаражат бөлінген. Мемлекеттік бағдарламалар шеңберінде 479,1 км жол салынған. Облыстық маңызы бар 177,9 км жол, 36,3 км аудандық автожолдар, 264,9 км елді мекендегі көшелер жөнделген.
2021 жылы 191 жоба жүзеге асырылған. Жақсы және қанағаттанарлық деңгейдегі жолдардың көрсеткіші 90%-дан 95%-ға, елді мекен көшелері 77,2%-дан 79,2%-ға жеткен. Сонымен қатар «Тараз-Алматы» бағытына авиарейстер қайта ашылды.
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев: «Біз азаматтарымыздың құқықтарына және бостандықтарына кепіл болатын мызғымас құндылықтарға сүйеніп, әділ мемлекет құратын боламыз. Басты мақсатымыз – халықтың әл-ауқаты мен тұрмыс сапасын жақсарту» деген болатын. Жамбыл облысында ұлттық жоба аясында атқарылып жатқан жұмыстар халық жағдайын арттыруға бағытталып отырғанын байқадық. Өңірдегі тұрғындардың әл-ауқатын жақсартуды көздейтін ұлттық жоба аймақтарды дамытудың тиімді құралына айналып отыр.