10.04.2022, 14:00

Бала тәрбиесі – мемлекеттің маңызды міндеті

Фото: ашық дереккөз
Балаларға ерекше назар аудару керек.

Ағымдағы жыл еліміз бойынша «Балалар жылы» деп бекітілді. Қасым-Жомарт Тоқаев: «...Балаларға ерекше назар аудару керек. Себебі, олардың амандығы – мемлекетіміздің жарқын болашағының сенімді кепілі. Сол себепті келесі жылды «Балалар жылы» деп жариялау керек деп есептеймін», - деп Қазақстан халқын Жаңа жыл мерекесімен құттықтау сөзінде айтқан болатын. Осы орайда, Skifnews.kz ақпараттық порталы атқарылатын бір қатар жұмыстар тізбегін өткен жылға шолу жасай отырып, бүгінгі мақаласында тарқатады.

«...Ең бірінші, билік тарапынан балаларды қорғау үшін денсаулық сақтау, білім беру, әлеуметтік қолдау бағытында нақты шаралар қолға алынуы керек. Өскелең ұрпақтың үйлесімді дамуы мен бақытты балалық шағы – біздің жалпыұлттық міндеміз», - дейді ел Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев. Осының аясында, Мәдениет және спорт министрлігінің өткен жылғы бастамасы – «Балалар әдебиеті жылы» осы жылы да өзінің жалғасын табады.

Осы тұста мемлекет басшысы «Балалар жылы»  ұран мен мерекелік шараларды өткізумен өлшенбейтінін, ең алдымен, денсаулық сақтау, білім беру, әлеуметтік қамсыздандыру салаларында балаларды қорғау мақсатында билік басындағылар нақты шаралар қабылдауы керек екенін атап айтты.

Дені сау ұрпақ – ұлт болашағы

Қазақстанда балаларды тегін оңалту және оларды емдеу қарастырылған. Осы мақсатта БҒМ жыл сайын бюджеттен қаражат бөліп, кәмелетке толмаған балалардың медициналық қызметтерді тегін алуын қадағалайды. Нақтырақ айтсақ, 2021 жылы Қазақстан Республикасы Білім және ғылым министрлігінің «Бөбек» орталығында еліміздің барлық облыстарынан 1000-нан астам көп балалы және аз қамтылған отбасылардың балалары, сонымен қатар жетім балалар оңалтудан өткен. Соның ішінде созылмалы соматикалық аурулары бар немесе жиі суық тиюмен ауыратын 8 бен 13 жас аралығындағы балаларды медициналық тексерістен өткізген. Балалар 22 күндік тегін оңалту және сауықтыру курсына ие болған. Баланың денінің саулығы медицина саласының ең өзекті және өткір тұсы екенін барлығымызға белгілі. Ұлт байлығы деп атасақ та артық емес. Халқымыздың кемел келешегі, мемлекетіміздің ертеңгі жарқын күні дені сау ұрпақтың қолында екенін есімізде ұстағанымыз жөн.

Білімді бала – іргелі елдің кепілі

2021 жыл қазақстандық мектеп оқушылары үшін жемісті жыл болды. Оқушылар әлемдік пәндік олимпиадаларда мүмкін болатын 31 медальдің 26-сын жеңіп алып, соңғы жылдардағы рекордтарын жаңартты. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев осындай дарынды балаларды қолдау шараларын әзірлеуді тапсырды. Қазақстан Республикасының Білім және ғылым министрлігі заңнамаға түзетулер дайындады. Қазір заң жобасы Қазақстан Республикасы Парламенті Мәжілісінің қарауына енгізілді. Осы жылы да  дарынды балаларға мемлекет тарапынан жақсы қолдау көрсетілетіні сөзсіз. Атап айтқанда, халықаралық пәндік олимпиада жеңімпаздарына ЖОО-на тегін жолдама қарастырылған. Яғни, конкурстан тыс негізде білім гранттары беріледі. Ақшалай сыйақыны олимпиадаларда жеңімпаз атанған оқушылармен қатар осы олимпиадалардың жеңімпаздарын дайындаған педагог-тренерлер де алады. Қазақстандық балаларға жан-жақты қолдау көрсету көптеген салаларда жүзеге асырылады.

Сондай-ақ, балардың кітапқа деген қызығушылығын арттыру мақсатында бірнеше оқулықтар қазақ тіліне аударылды. Олардың ішінді сатылымы жағынан Disney мультфильмдері сериясынан аударылған кітаптар көш бастап тұр. Балалар арасында жоғары сұранысқа ие – «Су перісі», «Көліктер» мен «Ержүрек» сынды кітаптар болып табылады. Мемлекет басшысының тапсырмасымен қазақ тіліндегі кітаптарды бүкіл Қазақстандағы кішкентай оқырмандарға қол жетімді болуы үшін жан-жақты жұмыстар жүргізіліп жатыр. Айта кетейік, Әлемге танымал Disney ертегілерінің қазақ тілде жарық көргеніне екі жылдан асты.

Ағаш түзу болуы үшін оған көшет кезінде көмектесу керек. 2022 жыл – «Балалар жылы» болып жарияланғаны мемлекет басшысы тарапынан қабылданған оңтайлы әрі көреген шешім болды. Өйткені, бүгінгі жас – ертеңгі елдің негізгі тірегі. Оған қазірден көңіл бөлу барлығымыздың кемел келешек алдындағы жауапты міндетіміз.

Тегтер: Балалар жылы