$ 446.49  475.38  4.79

Өңір тіршілігін өркендететін тірліктер көп

Өңірлердің даму перспективасына сәйкес қордаланған мәселелерді шешуді басты орынға қойған аймақтардың бірі – Қызылорда облысы.

Еліміздегі әлеуметтік-экономикалық ахуалды жақсартудың бірден-бір жолы – өңірлердегі инфрақұрылымдарды жетілдіріп, халықтың әл-ауқатының жоғарылауына жағдай жасау, сондай-ақ олардың да нарық талаптарына сәйкес жұмыс істеуіне қол ұшын созып, мемлекет тарапынан көрсетілетін көмектерді мейлінше ұтымды пайдалануына мүмкіндік беру екені баршамызға мәлім. Дәл осы қағиданы күн тәртібінен түсірмей, өңір басшыларына мықтап тапсырып отыратын Қасым-Жомарт Тоқаев түйткілді мәселелерді уақытылы шешу қажеттігін ұдайы қаперге іледі. Мемлекет басшысының тапсырмасымен Үкімет бекіткен «Қуатты өңірлер – ел дамуының драйвері» ұлттық жобасы аясында Қызылорда облысында қандай шаралар қолға алынғанын Skifnews.kz ақпарат порталының бүгінгі шолуында баяндаймыз.
Президентіміз өз сөзінде Жаңа Қазақстан құрудың басты алғышарты қуатты аймақтар құру жоспарымен тығыз байланысты екенін айта келіп, жергілікті халықты алаңдататын басты мәселелер жергілікті деңгейде шешілу қажеттігін баса айтты. Сонымен бірге жергілікті өзін-өзі басқару жүйесі жетілдірілсе, өңірлердегі күрделі проблемаларды шешуге халық та белсене атсалысады деген пікір білдірген болатын.
Үкімет бекіткен «Қуатты өңірлер – ел дамуының драйвері» ұлттық жобасы Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың «Сындарлы қоғамдық диалог – Қазақстанның тұрақтылығы мен өркендеуінің негізі» атты Қазақстан халқына Жолдауының «Қуатты өңірлер – қуатты ел» бөлімінәі заңды жалғасы іспеттес. Онда инфрақұрылымды дамытуға ерекше көңіл бөледі. Аталған Жолдауында Мемлекет басшысы: «Еліміздің әр аймағының тұрғындарының таза ауыз суға, табиғи газға, көлік инфрақұрылымына қол жеткізу деңгейі біркелкі емес екені белгілі. Осы теңсіздікті жою үшін жұмысты жандандыру қажет», - деп өңірлерге берілген тапсырманы нақтылай түскен еді. Осы бағыттағы жұмыстар Қызылорда облысында да атқарылып, қуатты өңірлердің қатарына ену бағытында алғашқы қадамдар жасалуда.
Еліміздегі өңірлерді дамыту бағдарламасы қолға алынып, бүгінде соның аясында біршама ілкімді істер атқарылды. Бағдарламаның орындалуы барысында мемлекеттен қомақты қаржы бөлініп, жергілікті халықтың талап-тілегіне сай экономика, әлеумет, денсаулық сақтау, білім беру, тұрғын үй салаларында сең қозғалып, ерекше серпін пайда болды.
Мәселен, өңірлердің даму перспективасына сәйкес қордаланған мәселелерді шешуді басты орынға қойған аймақтардың бірі – Қызылорда облысы. Соңғы жылдары облыс орталығында жаңа микроаудандар пайда болып, бұл жаңа орталықтар инфрақұрылымдармен қамтамасыз етіліп, тұрғындардың сұранысына сәйкес қажеттіліктері өтелген. Сонымен бірге, қала іргесінде өзге де елді-мекендер тұрғындарының талабы назардан тыс қалған емес. Мәселен, бүгінде қала маңындағы «Сабалақ» саяжайында ауыз су қоймасының құрылысы жолға қойылды. Жергілікті халықты осы мәселе жиі мазалайтын болғандықтан, бұл мәселеге көңіл аудару уақыт талабынан туындап отыр. Елді-мекендерді таза сумен қамтамасыз, ондағы тұрғындар мен көлік жолдарын реттеу кезең-кезеңімен шешілетін болады. Аталмыш саяжайды ауыз сумен қамтамасыз ету үшін 2019-2021 жылдар аралығында ұзындығы 67 шақырымды құрайтын магистральді және ішкі ауыз су желілері жүргізіліп, елді мекен тұрғындарына пайдалануға берілді. Бір айта кетерлігі, бұл шет аймақтарда жаз мезгілдерінде су тапшылығы туындайтын кездер болып қалады. Сондай мәселенің алдын алу үшін облыстық деңгейдегі кәсіпкерлер арасынан жеке демеушілер тартылып, солардың қаржысының есебінен қосымша ұңғымалар қазылды. Соның нәтижесінде көлемі 50 текше метрді құрайтын ауыз су мұнарасының құрылысы сәтті аяқталды. Қазіргі таңда жұмыстар жоспар бойынша орындалып, ауыз су мұнарасы орталық су желісіне жалғанды.
Аймақ басшысы шет аймақтағы тұрғындардың талабын ескере отырып, құрылыс жұмыстарының сапалы жүргізілуіне бақылау жасап, жіті назарда ұстады. Ел игілігі үшін пайдаланылатын әрбір құрылыс жұмысы сапалы орындалу қажеттігін қаперге ілді. Атап айтсақ, бүгінде аймақтағы халықтың 98 пайызға жуығы орталықтандырылған ауыз суды тұтынып отыр.
Өңірдің даму динамикасы тұрақты. Бұл жұмыстарға облыс басшысы үнемі бақылап жасап отырады. Атап айтсақ, бүгінде облыс орталығындағы «Арай-3» мөлтек ауданында жаңа мектептің құрылысы бой көтермек. Білім беру нысанының құрылысына аталмыш мөлтек ауданнан 800 орындық мектеп құрылысын салу үшін 3 гектар жер учаскесі қарастырылған. Бүгінде сол мектептің жобалық-сметалық құжаттары әзірленіп, құрылысқа дайындық жұмыстары пысықталып жатыр. Бұдан өзге тағы бір жағымды жаңалық, сол аймақтан сот қызметкерлерін баспанамен қамтамасыз ету үшін бір гектар жер бөлінген. Бүгінде осы екі жоба бойынша белгіленген орындарды құммен толтыру жұмыстары іске аспақ. Мамандардың есебіне сәйкес, әр құрылыс нысаны ерекшеліктеріне қарай 250 мың текше метрден, яғни 500 мың тонна құмды қажет етеді.
Жақында ғана қызметінен кеткен бұрынғы облыс әкімі Гүлшара Әбдіқалықова халықтың санының өсуіне орай жаңа мектептерді, емханаларды жоспарға сәйкес уақытылы салып, мектептердегі ауысымдық сынып мәселесін шешуді қала әкімі Ғанибек Қазантаев пен құрылыс, сәулет және қала құрылысы басқармасының Бердияр Пірімбетовке тапсырған еді.
Еске салатын болсақ, өңірде өткен жылы жаңа оқу жылының басында 750 орындық 3 мектеп ашылды. Бұл білім ордаларының біреуі – мемлекеттік, қалған екеуі – жеке меншік мектептер. Ал бүгінде Қызылорда облысында 8 мектепте құрылыс жұмыстары жүріп жатыр, оның 7-еуі жыл соңына дейін пайдалануға беріледі деп жоспарлануда.
Міне, осы бағыттағы жұмыстар Сыр өңірінде жалғасын тауып жатыр. Қуатты Қазақстанның даму драйвері өңірлердің қуаттылығымен өлшенетін болса, өңірлердің даму қарқыны сол аймақтағы құрылыс жұмыстарымен және оның сапасымен өлшенеді. Бүгінде біздің сөз еткен тақырып – аймақтағы толымды тірліктердің бір парасы ғана. Өңірде өзге де салалар негізіндегі жұмыстарда алға жылжу байқалады.

Сіздің реакцияңыз?
Ұнайды 0
Ұнамайды 0
Күлкілі 0
Ашулы 0

Серіктес жаңалықтары