$ 446.49  475.38  4.79

Алматы облысында жұмыссыздар саны азайды

Биыл Алматы облысында 36 092 жаңа жұмыс орнын ашу жоспарланып отыр.

Отыз жылдан астам уақыт ішінде елде өңірлерді дамытуға арналған бағдарламалар, стратегиялық маңызы бар құжаттар, инвестициялық жобалардың көмегімен өңірлік саясат жүргізіліп жатыр. Еліміздің геосаяси жағдайы, көрікті табиғаты, қазба байлықтары, тарихи-мәдени құндылықтары аймақтарды көркейтудің өзектілігін көрсетеді. Аймақтарды көркейте отырып, сол өңірдегі тұрғындардың хал-ахуалын жақсартып, өңірлер арасындағы даму көрсеткішін теңестіретініміз анық.  
Skifnews.kz ақпарат порталының бүгінгі санында Алматы облысында ұлттық жоба аясында жұмыссыздық мәселесі қалай шешіліп жатқаны туралы баяндаймыз.
Елімізде халықты әлеуметтік қорғауға кепіл  берілген. 16 наурызда Президент Қасым-Жомарт Тоқаев халыққа Жолдауында Жаңа Қазақстанның құрылуына жол ашып, елдің дамуы үшін маңызды бастамалар ұсынған болатын. Аталған бастамалардың барлығы  елде жүргізіліп жатқан саяси реформалардың құрамдас бөлігі іспеттес.
Мемлекет басшысы: «Біздегі мақсат – қуатты ел мен әділ қоғамды құру, халықтың тұрмыстық жағдайын жақсартып, әл-ауқатын арттыру» деген болатын.
Үкімет бекіткен «Қуатты өңірлер – ел дамуының драйвері» ұлттық жобасы  аймақтағы халықтың өзін-өзі жұмыспен қамтуына серпін беріп қана қоймай, өңірдегі кәсіпкерліктің одан әрі дамуына да жол ашты.
Алматы облысында мемлекет тарапынан жасалған қолдау шараларының нәтижесінде тұрғындардың әлеуметтік қорғалуына жағдайдың барлығы дерлік жасалған.  
«Алматы облысындағы  жұмыссыздық көрсеткіші 5,6 %-дан 4,8%-ға азайып, былтыр Алматы облысында 54,8 мың жаңа жұмыс орыны ашылды. Олардың 30 мыңы – тұрақты жұмыс орыны. «Еңбек» бағдарламасымен 85,1 мың тұрғын жұмысқа орналастырылды. Олардың 42,5 мыңы тұрақты жұмыспен қамтылған болатын», - деді Алматы облыстық  жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасының  басшысы Маржан Мұратқызы.
Алматы облысының Жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасының мәліметінше, биыл Алматы облысында 36 092 жаңа жұмыс орнын ашу жоспарланып отыр, оның 10043-і – тұрақты жұмыс орны.
2022 жылғы 1сәуірдегі жағдай бойынша ашылған жұмыс орындарының саны – 10151. Оның 4398-і – тұрақты жұмыс орны.         
Қазақстан Республикасы Үкіметі бекіткен Ұлттық жобасы аясында облыста жұмысқа орналастыруға жәрдемдесудің барлық кешенді шараларын қарастыру көзделген.
Облыста 6 819 тұрғын жұмыспен қамтудың белсенді шараларымен қамтылады. Оған 3,7 млрд теңге бөлінген.
2022 жылғы 1сәуірдегі жағдай бойынша 8471 тұрғын жұмыспен қамтылған. Олардың 3119-ы  тұрақты жұмыс орындарымен қамтылды, 407 тұрғын жастар тәжірибесіне қатысты, 997 адам әлеуметтік жұмыс орындарына орналастырылды, 3856 тұрғын қоғамдық жұмыстарға тартылса, 139 адам алғашқы жұмыс орнына, 20 адам ұрпақтар келісімшартына жіберілген.
 «Алматы облысының 2025 дейін жасалған инвестициялық портфеліне құны 2,8 триллион теңгелік 289 жоба кіріп отыр. 19 мыңға жуық жұмыс орны ашылады деп жоспарланып отыр. Жыл басталғалы 9,6 мың тұрғын жұмыспен қамтылған. Бұл жұмыстарды іске асыруға қазіргі таңда алыстағы ауылды жерлерде өзіне-өзі қызмет көрсету және мобильді пунктілер ұйымдастырылған», - деді маман.
Алматы облысы жұмыссыздар санын азайту бойынша мемлекет тарапынан қабылданған қолдау шараларын жүзеге асырудың жарқын үлгісін көрсетуде. Оның нәтижесі - облыста жұмысқа орналастырылғандар санының артуы. Қорыта айтқанда Ұлттық жоба барысында жұмыссыздық мәселесін шешудің негізгі қадамдарын жүзеге асыру тұрақты түрде бақылауға алынған. Жоғарыда аталған игі бастамалардың барлығы өңірдегі тұрғындардың тұрмыстық жағдайын арттыруға ықпал етері анық.

 

Сіздің реакцияңыз?
Ұнайды 0
Ұнамайды 0
Күлкілі 0
Ашулы 0

Серіктес жаңалықтары