Павлодар облысында үйіне қайтып бара жатып жоғалып кеткен 27 жастағы жігіт іздестіріліп жатыр, - деп хабарлайды Tengrinews.kz.
Жоғалған Дархан Байтөктің суретін еріктілер әлеуметтік желілерде жариялап, жігіт тұратын Павлодар мен Қарасұқ елді мекенінде суреттерін ілген. Хабарламада оның бойы 175-180 сантиметр, дене бітімі жіңішке, көзі қоңыр, шашы қара екені айтылған. Ол хаки түстегі камуфляж костюм киген.
Еріктілердің айтуынша, Дархан туған аулынан бір шақырым жерде табиғат аясында достарымен кездесіп, артынша үйіне оралмаған.
"Сәуірдің 29-ы мен 30-ы аралығында Дархан 13 досымен бірге өзен жағасындағы егістікте шағын үйде демалып, бізге белгісіз себептермен үйден таңғы сағат 3-те шығып кеткен. Достары оның мінез-құлқында ерекше ештеңе байқамаған. Компания көңіл көтеріп, кейін жігіттер от жанында отырған кезде Дархан кенеттен үйге қайтуға жиналған, бірақ үйіне жете алмады", - деді "Павлодар қаласының VITA іздеушілері" қоғамдық бірлестігінің жетекшісі Екатерина Кудрявцева.
Еріктілердің айтуынша, жоғалған жерден ерлерге арналған аяқ киім мен өзеннен камуфляж күртке табылған, бірақ туыстары бұлар Дарханның киімі емес екенін айтады.
Полиция хабарына қарағанда, іздестіру жұмыстары жалғасып жатыр.
"Жігіттің туыстары полицияға оның жоғалғаны туралы арыз жазды. Қазіргі уақытта жоғалған адамды іздестіру жұмыстары жүріп жатыр", - деді Павлодар облыстық полиция департаментінің өкілдері.
Полицейлер мен еріктілермен бірге жігітті оның туыстары, жергілікті тұрғындар және қамқор павлодарлықтар іздеп жатыр.