Шымкенттік әуесқой автошабандоздардың жарысы жергілікті жұрттың мазасын алды. Саябақ маңына жиналатын көліктердің шуынан мезі болғандар «түн тыныштығын ұмыттық» дейді.
Жүгенсіз жүргізушілерді әкімшілік айыппұл да тоқтатпайтын көрінеді. Шымкенттіктердің түн ұйқысы көше шуынан тыныш болмай тұр. Әр кеш сайыс сауық ұйымдастыратындар мотоцикл мен автокөліктерінің қуатын тексеруге арнайы жиылатын көрінеді. Ырғақты музыканың жаңғырығы мен көліктің экстримал қозғалысын тұрғындардың түсірген видеосынан байқауға болады.
Татьяна Ладнова, қала тұрғыны:
- Мен құлаққаппен ұйықтаймын. Өйткені түніміз тыныш емес. Міне көліктердің жарысы осында ұйымдастыралады. Тіпті жол кедергілеріне қарамай айналып өтіп, Бірінші мамыр көшесінен Абай көшесіне дейін жарысып жүреді. Мотоцикл мен БМВ көліктерін тізгіндегендер осылай күнде құтымызды қашырады. Осылайша көліктің тартысын таласқа салғандардың кесірінен көрші тұрғындар көшеге шығуға қорқып отыр. Оның үстіне жол жиегін қоқысқа толтырып, бос бөтелкелерін шашып кетеді екен. Полиция қызметкерлеріне қанша шағымданса да бей-берекетсіздікке тоқтам болмай тұр дейді.
Раушан Ахметова, қала тұрғыны:
- Әсіресе кешкі уақытта көлік көп. Олар бір-бірімен жарысқандықтан түнде көшеге шығуға қорқып қалдық. Дауысы жаңғырған дыбыстар мен сигнал беріп мәз болғандардан ұйқы жоқ бізге. Полиция қызметкерлері болса жағдайды реттеу үшін көшеге бейнекамералар орнатып, учаскелік инспекторларды кезекшілікке қойыпты. Нәтижесінде осы уақытқа дейін отыз жүргізушіге хаттама толтырылып, айыппұл салынған.
Ұлықбек Мылтықов, қалалық ПД жергілікті полиция басқармасының бастығы: "Біз учаскелік полиция инспекторлары мен жол патрульдік полкінің қызметкерлерін кезікшілікке қойдық. Сондай-ақ көшеге жедел басқару орталығынан бақылауға болатын бейнекамералар орнатылған. Осылайша аумақтағы барлық тәртіп бұзушылық пен жол ережесін бұзғандарды тіркеп, әкімшілік жазаға тарту қарастырылған".
Алайда айыппұлға айылын жимаған жүргізушілерді тоқтату үшін тұрғындар полициялық бекет орнатуды сұрап отыр. Сонда ғана жағдайды бақылауда ұстап, тәулік бойы қадағалауға болады.