$ 494.87  520.65  4.91

Бас прокуратура Қытаймен шекаралас кеден бекеттеріндегі қылмыстарды әшкереледі (ВИДЕО)

Тексерудің тек бір айында жалпы құны 800 миллион теңгені құрайтын контрабанданың 16 фактісі анықталды.

Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес Бас прокуратура кеден саласында тексерулер жүргізді, деп хабарлайды Skifnews.kz ақпарат порталы.

«Тексеру нәтижесінде, мемлекетке 165 млрд теңгеге залал келтірген кедендік төлемдерден жалтару және тауарларды жалған декларациялау фактілері анықталды. Тек Қытаймен шекаралас кеден бекеттерінде тауарларды жалған декларациялаудың 367 фактісі орын алған. Кәсіпкерлердің салықтан жалтаруы үшін, уәкілетті экономикалық операторлар соңғы екі жылда 221 миллиард теңгеге жалған счет-фактураларды жасаған.

Тексерудің тек бір айында жалпы құны 800 миллион теңгені құрайтын контрабанданың 16 фактісі анықталды. Мысалы, «GROUP OF THE COMPANIES TDA» компаниясы 287 млн теңгенің тауарын шекарадан заңсыз өткізген. Аталмыш компанияның директоры қамауға алынды. Сондай-ақ, кеден саласындағы жұмыскерлер өз қызметін лайықты орындамаған. Атап айтқанда, 27 қаңтарда «Нұр Жолы» кеден бекетінің маманы Мошканов, «Берекет Логистик» компаниясына тиесілі декларацияланбаған тауардың салмағын заңсыз азайтып, оны 337 кг. деп көрсеткен. Алайда, прокурорлар жүкті қайта тексерген кезде, декларацияланбаған тауардың салмағы 22 тонна екендігін анықтаған.

Ол тауарлардың құны 127 миллион теңгені құраған. Бұдан бөлек, ақпараттық жүйелерде мәліметті заңсыз өзгерту салдарынан 9 импорттаушы бюджетке 143 млн теңге шығын келтірген.

Бұл іске Алматылық Мемлекеттік кірістер департаменті қызметкерлерінің қатысы бар. «Нұр жолы» кеден бекетінің басшысы мен оның орынбасары прокурорға 50 мың АҚШ доллары көлемінде, ал «Cargo Management» операторының өкілі 30 мың АҚШ доллары көлемінде пара берген. Алайда прокуратура қызметкері олардың заңсыз әрекетіне тоқауыл қойып, Сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызметімен бірлесіп арнайы шаралар жүргізу кезінде пара берушілердің әрекетін әшкерелеген», - деп мәлімдеді ҚР Бас прокуратурасының ресми өкілі Дархан Дүйсембай.

Жоғарыда аталған фактілер бойынша сотқа дейінгі тергеп-тексеру жүргізілуде. Кедендік реттеу саласындағы проблемаларды жою үшін Үкіметке прокурорлық қадағалау актісі енгізілді.

Сіздің реакцияңыз?
Ұнайды 0
Ұнамайды 0
Күлкілі 0
Ашулы 0

Серіктес жаңалықтары