$ 494.87  520.65  4.91

Ақмолада тағы бір ауылда 1 мыңға жуық бас мал белгісіз дертке шалдықты

10 сәуір-3 мамыр аралығында 716 бас ірі қара мал және 160 бас ұсақ мал ауырып қалды.

Ақмола облысының Ерейментау ауданында 716 бас ірі қара мен 160 бас ұсақ мал белгісіз дертке шалдықты, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Облыстық ветеринария басқармасының мәліметінше, қазіргі кезде ауру малдар тексеріліп, симптоматикалық ем жүргізіліп жатыр.

«Еркіншілік ауылында 10 сәуір-3 мамыр аралығында 716 бас ірі қара мал және 160 бас ұсақ мал ауырып қалды. Ветеринарлық қызмет мамандары бүкіл елді мекендердегі ауру мал басын тексеріп, емдеуде. Заңнамаға сәйкес ем мал иелері есебінен жүргізіліп жатыр», - деді ветеринария басқармасынан.

Ведомстводан атап өткендей, аса қауіпті ауруларға диагноз қою үшін ағымдағы жылдың 11 және 29 сәуір күндері Еркіншілік ауылынан Ветеринария бойынша ұлттық референт орталығына ауру жануарлардан патологиялық материал 2 рет жіберілген.

Алайда, диагностикумдардың болмауына байланысты жіберілген материалдар зерттелмеген, зертханада сақтауда тұрған көрінеді.

Осы ретте аудан тұрғындарына әлеуметтік мессенджерлер арқылы Ерейментау ауданының Еркіншілік және Новомарковка ауылдарындағы этиологиясы белгісіз ауру шыққаны туралы хабарлама тараған. Онда Еркіншілік ауылы карантинге алынғаны және тұрғындарға ет, май, қаймақ, айран, сүт және ірімшік сияқты ауыл шаруашылығы өнімдерін сатып алмау жөнінде кеңес берілген.

Ақмола облыстық ветеринария басқармасының мамандары бұл хабарламадағы ақпарат шындыққа жанаспайтынын, аталмыш елді мекендерде карантин енгізілмегенін түсіндірді.

«Новомарковка ауылында этиологиясы белгісіз аурулар анықталған жоқ. Халықтан шағымдар мен өтініштер түскен жоқ. Ерейментау ауданының Еркіншілік және Новомарковка ауылдарында ауыл шаруашылық жануарларының аурулары бойынша карантиндік және шектеу шаралары еңгізілген жоқ. Адамдарға этиологиясы белгісіз аурулардың алдын алу үшін шикі сүтті және сүттен жасалған өнімдерді қайнатқаннан кейін немесе пастерленгеннен кейін пайдалануды ұсынамыз. Жалпы, облыстағы эпизоотиялық жағдай ветеринарлық қызметтің күнделікті бақылауында», - деп түсіндірді ҚазАқпарат тілшісінің сауалына Ақмола облыстық ветеринария басқармасынан.

 

Сіздің реакцияңыз?
Ұнайды 0
Ұнамайды 0
Күлкілі 0
Ашулы 0

Серіктес жаңалықтары