05.05.2022, 10:40

«Жаңа туған төл арам өліп жатыр»: Түркістан облысы тұрғындары шіркейдің көптігіне шағымданды

Фото: ашық дереккөз
Күн ысығалы елді мекендерде шіркей қаптап, елдің мазасы қашқан.

Түркістан облысындағы Отырар ауданының тұрғындары аптап ыстықта тұмшаланып жүруге мәжбүр. Күн ысығалы елді мекендерді шіркей қаптап, елдің мазасы қашқан. Халық таңнан кешке дейін  үйден шығуды  азайтқандарын айтады. Бұл жөнінде Astana tv арнасы хабарлады.

Әсіресе, Сырдария өзеніне жақын орналасқан ауыл тұрғындары қатты қиналып жүрміз дейді. Шіркей ашық тұрған жердің бәріне кіріп, қатты әбіржіткендіктен, күні бойы үйге тығылып отырғандарын айтады. Малды да күндіз өріске шығаруды қойған. Мал дәрігері шіркейдің көптігінен жаңа туған төл арам қатып жатыр, дейді.

«Осыдан екі-үш жылға дейін сеуіп жүрді дәріні, кейінгі кезде қазір дәрі себілу тоқтап тұр. Малдың да бет-аузын жеп қояды, жаңадан туған төлдерді де жеп қояды, ен салған кезде құлағын жабылып қанатып жібереді. Көзден шағады, тұмсықтан шағады, жаңадан ашып жатқан балапанның бәрі өліп қалып жатыр. Көзіне, бетіне жабысып қалады, қанын сорады. Басы іседі де, өле береді», –  дейді мал дәрігері Ерлан Алтанов.

Ал залалсыздандыру жұмыстарын жүргізуге жауапты басқармадағылар биыл шіркейдің көптігін көктемгі ауа райының жауынды болуымен байланыстырады. Сала өкілдері былтыр белгілі себептерге байланысты шыбын-шіркеймен күрестің жүргізілмей қалғанын да жасырмайды.

«Былтыр сот рәсімдері жүрді, жыл бойы соттың мәселесімен шыға алмадық. Биыл енді мынадай қолайлы жағдай болып жатыр шіркейдің көбеюіне соған байланысты қазір жұмыстар атқарылып жатыр. Арыс жұмыстарын жүргізіп жатыр. Отырар ауданы кешегі мәлімет бойынша сол жұмыстарды бастап жатыр», – деп түсіндіреді Түркістан облысы энергетика және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық бөлімінің басшысы Бақытбек Убайдин.