Петропавлда колледж студентінің өз-өзіне қол жұмсау фактісі бойынша қылмыстық іс қозғалды, деп хабарлайды Sputnik Қазақстан.
Облыстық полиция департаментінің баспасөз қызметі хабарлағандай, 4 мамырда таңертең Петропавл құрылыс-экономикалық колледжінің аумағында 19 жастағы студенттің денесі табылды.
"Оқиға орнына полиция қызметкерлері жетті. Суицид фактісі Қылмыстық кодексінің 105-бабы ("Өз-өзіне қол жұмсауға дейін жеткізу") бойынша сотқа дейінгі тергеудің бірыңғай тізіміне енгізілді. Сараптама тағайындалды", - деді ведомствоның баспасөз қызметінде.
Ал әлеуметтік желіде жас жігіттің таныстары ол жақында әкесінен айырылып қалғанын, қатты уайымдағанын жазды. Өткен сейсенбіде православтарда қайтыс болған туыстарын еске алатын Ата-ана күні болған.
Колледж студенттерінің айтуынша, жатақханада тұратын жас жігіт сол күні ішімдік ішкен. Сондай-ақ, марқұмды танитындар әлеуметтік желіде ол жақында ғана әке атанғанын, бірақ үйленбегенін, сондықтан оқуды тастап, табыс табуды ойлап жүргенін жазды.