20 мамырдан бастап қазақстандықтар референдумда дауыс беру тізімдеріндегі деректерін тексере алады.
Қазақстан Республикасы Орталық сайлау комиссиясының Қазақстан халқына үндеуі жарияланды.
«Егер сіз дауыс беру күні 18 жасқа толған және белсенді сайлау құқығына ие Қазақстан Республикасының азаматы болсаңыз, Қазақстан Республикасының Конституциясына өзгерістер мен толықтырулар енгізу жөніндегі республикалық референдумға қатысуға заңды құқыңыз бар. 2022 жылдың 5 маусымына жоспарланған. Сізді республикалық референдумға қатысуға құқығы бар азаматтардың тізіміне енгізу референдумға қатысудың конституциялық құқығын жүзеге асырудың кепілі болады» делінген үндеуде.
Тізімдерді белгілі бір сайлау учаскесінің аумағында азаматтардың тұрғылықты жері бойынша тұрақты тіркеу негізінде жергілікті әкімдіктер жасайды. Уақытша тіркелген азаматтар берілген өтініш негізінде тізімдерге енгізіледі.
Сайлау учаскелері тиісті әкімдердің шешімдерімен құрылады, олар туралы бұқаралық ақпарат құралдарында жарияланады. Жергілікті атқарушы органға хабарласу арқылы тізімге енгізілгеніңізді тексеруге болады. Тізімде жоқ болған жағдайда қазақстандықтар әкімдікке тиісті өтініш беруге құқылы.
Республикалық референдумға қатысуға құқығы бар азаматтар тізімінде өзіңіз туралы мәліметтерді тексеру мүмкіндігі 20 мамырда пайда болады. Қандай да бір өзгертулер енгізу қажет болса, учаскелік референдум комиссиясына өтініш беру керек.
Сәуірдің 29-ы күні Қазақстан президенті Қасым-Жомарт Тоқаев конституцияға өзгертулер мен толықтырулар енгізу бойынша республикалық референдум өтетінін жариялады.