Атырау облысында жоғалып кеткен 11 адам іздестіріліп жатыр, деп хабарлайды ҚазАқпарат.
Облыстық төтенше жағдайлар департаментінің қоғаммен байланыс тобынан мәлім еткендей, Исатай ауданында 11 адам жоғалып кеткен. «Бүгін, 9 мамырда сағат 10:50-де Исатай ауданында бір күн бұрын хабар-ошарсыз кеткен 11 адамды іздестіру қайта жалғасты. «УАЗ» маркалы автокөлігінің жүргізушісі мен 10 жолаушы 8 мамыр күні сағат 14:00-де «Ақмандай» учаскесіне бару үшін жолға шыққан. Бұл учаске аудан орталығы – Аққыстау ауылынан 160 шақырым қашықта орналасқан. Алайда, жолға шыққан адамдар осы уақытқа дейін Аққыстау ауылына оралмағаны анықталды», -деп хабарлады департаменттің қоғаммен байланыс тобы.
Жоғалған адамдарды іздестіру жұмыстарына Атырау облыстық төтенше жағдайлар департаментінің 4 қызметкері мен жол талғамайтын «ТРЭКОЛ» техникасы тартылды. Іздестіру іс-шарасына Исатай аудандық полиция бөлімінің 1 қызметкері шықты. Сондай-ақ, 8 мамырда сағат 21:00-де Каспий теңізіне таяу жердегі батпаққа батып қалған көліктен 2 адам құтқарылған. «Атырау қаласына таяу орналасқан Еркінқала ауылдық округінен 15 шақырымдай қашықтықта «Land Cruizer» маркалы автокөлігінің батпаққа батып қалғаны туралы хабар түсті. Көлікте 2 адам болған. Батпаққа батқан көлікке жедел-құтқару жасағының 2 қызметкері арнайы техникамен жедел жетті. Құтқарылған екі адам Еркінқала ауылдық округіне дейін жеткізілді. Олар жедел медициналық көмекке жүгінген жоқ», -деп мәлім етті қоғаммен байланыс тобынан.