11.05.2022, 11:40

Шымкентте 1,2 млн теңгеге сатып алынған сыпырғыштар қурайдан жасалған болып шықты

Жаңа Қазақстанға үлесін қосып отырған дендросаябақтағы сыпырушылардың еңбек құралы осындай болса, басқасын сұраудың керегі жоқ-ау?!

Бұрынғы саябақтан «Асанбай Асқаров атындағы дендрологиялық саябақ» жасап шығару үшін Шымкент билігі 650 млн теңге бөлген.

Шымкент қаласындағы дендросаябақтың жұмысшылары ағаштың бұтағынан жасалған сыпырғышпен жұмыс істейді, деп жазады белсенді Роза Байсариева. Өзінің жеке парақшасына сол сыпырғыштардың суретін жүктеген ол дендросаябақтағы өзге де өткір мәселелерді жазды, деп хабарлайды Azattyq Rýhy тілшісі.

Ал дендросаябақты тазалайтын қызметкерлердің қандай құрал-жабдықпен жұмыс істеп жүргенін айта келе сөзінің дәлелі ретінде қолдан жасалған сыпырғыштардың суретін жүктеген.

«Жаңа Қазақстанға үлесін қосып отырған дендросаябақтағы сыпырушылардың еңбек құралы осындай болса, басқасын сұраудың керегі жоқ-ау?!» - деп жазды ол.

Осы ретте, Azattyq Rýhy тілшісі Шымкент қалалық жайлы ортаны дамыту басқармасына қарайтын «Асанбай Асқаров атындағы дендрологиялық саябақ» мекемесінің мемлекеттік сатып алу порталында жариялаған лоттары арасында 1400 сыпырғыш сатып алу туралы конкурсын тапты.

Конкурс жуырда, сәуір айының соңында аяқталған. Лотты мемлекеттік сатып алу сайтына 2022 жылдың наурызында осы мекемеге директор болып келген Үсен Құрманбай жариялаған.

Лоттың жалпы құны 1 млн 250 мың теңге. Осы қаражатқа дендросаябақ басшылығы әрқайсысы 890 теңге тұратын 1400 сыпырғышқа тапсырыс берген.

Лотты Жезқазғандағы жеке кәсіпкер Алмас Ахатовтың компаниясы жеңіп алған.

Конкурстың техникалық сипаттамасы бойынша кәсіпкер келісімшартқа қол қойылған күннен бастап 15 күнтізбелік күн ішінде мекемеге 1400 сыпырғыш жеткізуі керек. Сонымен қатар, сыпырғыштың ұзындығы 138 см, басы 22 см, өзі құмай ағашынан жасалуы керек.

Міне, осы келісімшарттың талабы орындалғанша дендросаябақ қызметкерлері ағаштың бұтағын кесіп, оны жіппен байлап алған сыпырғышпен жұмыс істей тұрады.