1 сәуірден бері заңсыз айналымнан 17 тонна 993 келі балық алынған. Оның ішінде 996 келі бекіре тұқымдас түрлері мен бағалы балықтардың 755 грамм уылдырығы да бар. Бұл туралы Жайық-Каспий облысаралық бассейндік балық шаруашылығы инспекциясының ресми өкілі Олег Тушканов мәлім етті, деп хабарлайды ҚазАқпарат.
«Атырау, Батыс Қазақстан және Маңғыстау облыстарында 1 сәуірден бері «Бекіре-2022» кең ауқымды балық қорғау іс-шарасы өтіп жатыр. Бұл іс-шараның мақсаты – Жайық-Каспий су айдындарында бекіре және басқа да балық түрлерін сақтау, сондай-ақ уылдырық шашуы үшін қолайлы жағдайды қамтамасыз ету. Акция басталғаннан бері Жайық-Каспий облысаралық бассейндік балық шаруашылығы инспекциясының инспекторлары құқық, табиғат қорғау органдарының және Шекара қызметінің қызметкерлерімен бірлесіп, табиғат қорғау заңнамасын бұзудың 828 дерегін анықтады. Соның нәтижесінде 609 адам әкімшілік жауапкершілікке тартылды. Сот органдарына 39 іс жолданды. Браконьерлік, көрінеу қылмыстық жолмен табылған мүлікті сатып алу немесе сату, сирек кездесетін және құрып кету қаупі төнген жануарларды заңсыз пайдалану дерегімен 36 қылмыстық іс қозғалды. Заңнама талабын бұзушыларға 13,3 млн теңге айыппұл салынды», -дейді Олег Тушканов.
Оның айтуынша, заңсыз балық аулаушылардан 406 балық аулау құралы, 101 су көлігі тәркіленген. Өзен арнасы мен теңіз акваториясынан ұзындығы 114 шақырымға жуық 1 617 балық аулау құралы алынған. Аталған акция 31 мамырға дейін жалғасады.