Нұр-Сұлтан қаласында 8-қабаттан құлап бара жатқан үш жасар қызды ұстап, құтқарып қалған Сәбит Шонтақбаевтың жанындағы Сағи есімді досына пәтер берілді. Сағи бүлдіршінді құтқару кезінде досының аяғынан ұстап, оған тіреу болып тұрған. Отандық құрылыс компанияларының бірі ерлік танытқан ер адамға Нұр-Сұлтан қаласынан 2 бөлмелі пәтер сыйлады, деп хабарлайды Stan.kz ақпарат агенттігі.
Бұл туралы блогер Дәулет Мұқаев (dauletten) айтып берді. Алғашқыда Сәбит Шонтақбаевқа Қызылордадан үй алып берейік деп бастама көтерген блогер екінші ер адамның да еңбегі ескерілуі керектігін жеткізді.
"Сағи мен Сәбит - құрылыс саласында жұмысын енді бастап жатқандар. Екі дос – Қызылордадан Астанаға бала-шағасын тастап, нәпақа табуға келген жандар. Келгендеріне көп болмаған (шамамен 2 апта). Сәбит пен Сағи жұмысқа барар кезде 8-қабатта салбырап тұрған қызды көреді де, бірден сол үйге бет алады. Сол арада лифт те жоғарыда тұрады. Сөйтіп, екеуі жаяу 8 қабатқа көтеріледі. Есікті қақса, ешкім ашпайды. Үйде ешкім жоқ болса керек. Сөйтіп, 8-ден 7-ге түссе, абырой болғанда сол үйдің есігі ашық тұр екен. Екеуі де кіріп кетіп, дереу баланы құтқаруға кіріседі.
Бұл жағдайда Сағидің де ерлігі елеулі. Денелі жігіт Сәбитке тіреу болып тұрды. Сағидың қолында бір емес, 2 адамның тағдыры қыл үстінде тұрды десек те болады. Екі досты бөліп жармай, барлық медаль (марапат), баспана екеуіне де берілсе екен деймін. Сәбиттің 4 баласы, Сағидің 3 баласы бар. Екеуі де ерлік жасады", – деп бөлісті Мұқаев.
Блогер Сәбитке үй алу үшін Dauletten қайырымдылық қоры арқылы ақша жинауды бастап кеткен еді. Алайда отандық құрылыс компаниясы қаһарманға үш бөлмелі пәтер сыйлағандықтан, қор әкімшілігі жиналған қаржыны екі азаматқа теңдей бөліп беруді шешкен.
"Нақты есебін жұма кешке береміз. Қазіргі таңда жиналған ақша 8 миллионнан асыпты. Сөйтіп, Сәбит сол ақшаға үйіне жөндеу жұмысын жасаса, Сағи өз керегіне жаратар. Біздің тараптан беретін көмектің ТӨРЕЛІГІ осылай деп шештік. Қанша ақша жиналса да, ТЕҢДЕЙ ЕТІП бөлеміз", – деді блогер.
Көп ұзамай, тағы бір қазақстандық компания Сәбит Шонтақбаевтың досы Сағи Жылқышиевке 2 бөлмелі пәтер сыйлайтынын хабарлаған.
"Сүйінші, ағайын. Керемет сезімде тұрмын. Мен айтып жүрген @gbg.kz құрылыс компаниясы Сәбиттің досы Сағиға 2 бөлмелі пәтер сыйлайтын болды. Бағанадан бері уайымым Сағи болып еді. Неге екенін білмеймін. Ватцабымды ашып қалсам, осы хат келіп тұр GBG.kz басшысынан. Бұл тұрғын-үй кешені енді салынып жатыр, комфорт+, есесіне МЕМЛЕКЕТТІК КЕПІЛДІГІ (ФГЖС, КЖК) бар. Бұл пәтердің бағасы кемі 25 миллион теңге.
Енді әділдік орнады. Ал біз 2 үйге де қор тарапынан пәтерге жөндеу жұмыстарын жасап береміз. Кең пейілді жандар аман болсын", - деп бөлісті Дәулет.
Еске салсақ, осыған дейін Нұр-Сұлтанда ер адам жоғарғы қабаттан құлап бара жатқан бүлдіршінді құтқарып қалған.
Қала әкімі Сәбит Шонтақбаевқа несие алуға және жұмысқа тұруға көмек берілетінін айтқан еді.