$ 494.87  520.65  4.91

Генерал Күдебаев қаңтар оқиғасы бойынша күдіктілер тізіміне енді

Еске салайық, бұған дейін Ішкі істер министрлігі полиция генерал-майоры Серік Күдебаевтың Алматы облысы бойынша полиция департаменті басшылығынан босатылуы туралы ақпарат таратқан.
Фото: ашық дереккөз
Фото: ашық дереккөз

Алматы облысы полиция департаментінің бұрынғы басшысы Серік Күдебаев қаңтар оқиғасы бойынша күдіктілер тізіміне енді, деп хабарлайды Skifnews.kz ақпарат порталы.

"Қазіргі уақытта облыстық полиция департаментінің лауазымды тұлғаларына қатысты қылмыстық кодекстің 370 бабының 4 бөлігінің 1 тармағымен "Ауыр зардаптарға алып келген қызметіндегі әрекетсіздік" бойынша тергеу амалдары жүргізіліп жатқанын және оған Күдебаев Серік Мырзақұлұлы күдікті болып танылғанын мәлімдейміз", - делінген бас прокуратураның Tengrinews.kz сайтының ресми сауалына берген жауабында.

Мұнымен қоса қылмыстық іс жүргізу кодексінің 201-бабына сәйкес, сотқа дейінгі тергеп-тексеру деректері жария етілуге жатпайтыны, "сондықтан қойылған сұрақтарға толық жауап беру мүмкін еместігі" аталып өтілген.

Еске салайық, бұған дейін Ішкі істер министрлігі полиция генерал-майоры Серік Күдебаевтың Алматы облысы бойынша полиция департаменті басшылығынан босатылуы туралы ақпарат таратқан. Ведомствоның мәліметінше, Күдебаев қызметінен өз еркімен кеткен.

"Серік Күдебаев биылғы жылдың 18 ақпанында өз өтініші бойынша Алматы облысының полиция департаментінің бастығы қызметінен босатылып, ішкі істер органдарынан босатылды", - деген министрлік.

Сәуір айының басында әлеуметтік желілерде Күдебаевтың қаңтар оқиғасы бойынша қылмыстық іске қатысы бар деген ақпарат тараған еді. Бұған бас прокуратураның қадағалау органының Алматы, Жамбыл және Қызылорда облыстарының ҰҚК және полиция департаменттері ғимараттарының, Алматы әуежайының қараусыз қалуына қатысты тексеру жүргізетіні туралы мәлімдемесі себеп болған. Сондай-ақ аталған органдардың басшылары күдікті деп танылғаны айтылған.

Сондай-ақ Алматы облысының әкімі Қанат Бозымбаев Серік Күдебаевтың қаңтардағы тәртіпсіздіктер кезінде Талдықорғаннан ауылына кетіп қалғанын айтқан.

Сіздің реакцияңыз?
Ұнайды 0
Ұнамайды 0
Күлкілі 0
Ашулы 0

Серіктес жаңалықтары