16.05.2022, 13:00

Атымен көліктің үстіне шығып кеткен: Алматы облысында көкпардың соңы жаппай тәртіпсіздікке ұласты (видео)

Фото: ашық дереккөз
Әлеуметтік желілерге тараған бейнежазбадан Алматы облысы Қаскелең қаласының қақ ортасында көкпар тартып жүргендерді көруге болады.

Алматы облысы Қаскелен қаласында бір топ шабандоз көкпар ойынын заңсыз ұйымдастырған. Соңы жаппай тәртіпсіздікке ұласты, деп хабарлайды Stan.kz ақпарат агенттігі. 

Әлеуметтік желілерге тараған бейнежазбадан Алматы облысы Қаскелең қаласының қақ ортасында көкпар тартып жүргендерді көруге болады.

Айналадағы жұрттың сөздеріне назар аудармастан көкпаршылар тобы көшеде тұрған көліктерді әдейі талқандап өтіп жатыр. Тіпті атымен бірге автомобильдің үстіне шығып кеткендері байқалады. 

Жергілікті тұрғындардың айтуынша, атқа мінген адамдар оқиғаны телефонға түсіруге тыйым салып, тіпті қорқытқан. 

Осы оқиғаға байланысты Алматы облысы полиция департаментінің баспасөз қызметі Stan.kz ақпарат агенттігіне пікір білдірді. Көкпарды ұйымдастырушылар ойынды өткізер алдында аудан әкімдігінен келісім алмаған болып шықты. 

“15 мамырда Қарасай ауданындағы Қаскелең қаласының көшелерінде бір топ шабандоз көкпар ойынын ұйымдастырған. Ойынға қатысқандардың әрекеті қаланың бірнеше көшелерінде байқалды. Бүгінде бұл факт Қарасай аудандық полиция бөліміне ресми тіркелді”, – делінген хабарламада.

Сондай-ақ аудандық полицияға көкпар қатысушылары автокөлігін бүлдірген 34 жастағы ер адамнан да арыз түскен. 

“Қазіргі уақытта ойынды ұйымдастырушылар мен оған қатысқандарды анықтау бойынша жедел-іздестіру іс-шаралары жүргізілуде. Олар қолданыстағы заңнамаға сәйкес міндетті түрде жауапкершілікке тартылады”, – дейді департаменттен. 

Тегтер: көкпар Алматы