Жаңалықтар 16.05.2022 сағат 14:40

«Менің «крышам», сенің «крышаңнан» әлдеқайда мықтырақ»: Суицид жасамақ болған Шымкент ПД баспасөз хатшысы мәлімдеме жасады

Енді шындықты, ақиқатты еш қорықпай ашып айтуға болады!
«Менің «крышам», сенің «крышаңнан» әлдеқайда мықтырақ»: Суицид жасамақ болған Шымкент ПД баспасөз хатшысы мәлімдеме жасады
Бөлісу
Бөлісу
Бөлісу

Сәуір айында Шымкент қалалық ІІД баспасөз қызметінің бұрынғы басшысы Мөлдір Бекеева полицейді балағаттады деп айыпталып, өз-өзіне қол жұмсамақ болған еді. Facebook желісінде ол әлі де дәрігерлердің жіті бақылауында жүйелі ем алып жатқанын айтты.

Құрметті әріптестер, қадірменді қауым!
Алдымен Алланың, сосын Сіздердің риясыз тілек-ниеттеріңіздің арқасында аман-сау орталарыңызға оралып отырмын! Шүкірлік! Сәуір айында баршаңызды сары уайымға салып, сарсаңға түсіргенім үшін...сан рет кешірім сұраймын!
Жансақтау бөлімінде ес-түссіз... Өмір мен өлім ортасында арпалысқан жаныма араша түсіп, екінші дем сыйлаған ақ халаттылардың еңбегі — өлшеусіз! Дәрігерлерге тағзым, алғысым шексіз!
Орын алған жайттан кейін, денсаулығымды қалпына келтіру үшін әлі де дәрігерлердің жіті бақылау-қадағалауымен жүйелі ем алып жатырмын. Ішкі ағзам қатты зардап шегіп, тұрақты емді қажетсінуде...
Расында... Адам тағдырымен «ойыншықша» ойнап, қолдан қылмыстық іс ашып, қайта-қайта қаматамын деп қудалап, соңында қамауға шешім қабылдағанын көргенде — менің басқа амалым қалмады. Әділдікті өз өмірімнен де артық көрдім, қидым..! Бірақ соңынан... ата—анам, бауырларым, туған-туыстарымның қайғыдан қан жұтқанын, осындағы әріптестерімнің қайғырғанын естіп-білгенде, жаным ауырып, жүрегім езілді... Өкініштен өзегім өртенді... Амал нешік?! Өмірде әділдік пен опасыздық қай кезде де қатар жүрген, бұл да бір Алланың берген сынағы деп өзімді жұбатып-ақ жатырмын...
Сіздерден әділдік үшін күресуге көмек сұраймын... Енді шындықты, ақиқатты еш қорықпай ашып айтуға болады!
Әу баста менің аты-жөніме бағытталған жала аудио-жазба желіге тарағанда, ол туралы тіпті айтуға ұялдым. Бұл барып тұрған — кибербуллинг, кесіп-кесіп арнайы техникалық өңдеуден өткізіп, монтаждап, соңында мені «құбыжық» етіп көрсеткен. Шынтуайтында, бұл «Мақсат» есімді қызметкер жауапкершілік пен сауаттан жұрдай, апталап жұмысқа келмей, жұмыс уақытында қайда жүрсің деп сұрасаң, бітті... мені кеп балағаттап, «Менің «крышам», сенің «крышаңнан» қайда мықтырақ» деп, тіпті сол кездегі департамент бастығы «Е.Жумаханбетовтың нақсүйерісің, жәлебісің»,- деп еш негізсіз қаралайтын... Қайбір қызбаласы болсын, мұндайда арын таптатып қарап отырмайтыны анық... Бірақ, бұның есі дұрыс па, неге өзінен-өзі мені кеп балағаттап, соншама ауыр сөздер айтады деп ойлайтынмын... Сөйтсем, ойында бір «қитұрқы жоспары» — айла-амалы болған екен ғой... Осы күнге дейін онысын осында жазуға, тіпті айтып, ақталуға арым бармады! Себебі, мемлекеттік қызметкер және қыз баласы ретінде бұл мен үшін — адам төзгісіз қаралау, қорлау, ар-намысым, қадір-қасиетімді таптау... Е. Жумаханбетов деген — менің ата-анаммен жасты кісі, маған қызым деп, тіпті артық сөз айтпаған! Оған бүкіл жеке құрам куә, иә менің жұмыстағы жүріс-тұрысым, арымның тазалығын, тапсырмаға талапшыл, шыншыл қасиетімді жеке құрам да жақсы біледі. Сондықтан, бұған дейінгі және қазіргі жазып отырғандарымның бәрі — шындық екенін олар да құптайтынына сенімдімін. Өзімнің арым мен тазалығымды дәлелдеу үшін тіпті кез келген гинеколог-экспертизаға да баруға дайынмын! Сонда біздің елде, қоғамда өз білім-ақылыңмен, адал, таза жолмен жұмыс істеуге, қызметте отыруға болмайды ма? Менің ішкі күйзелісімді қазақы тәрбие көрген ары таза қыздар мен әйелзаты түсінетін шығар...
Бірақ мен бұл аудиожазба үшін өзіме қол жұмсаған жоқпын, себебі мен өзімнің ақ екенімді және оны дәлелдей алатынымды, қылмыс жасамағанымды білдім. Сондықтан, бар шындықты ПД бастығы Қ. Дәлбековке айтып, ішінара тәртіптік жүйеде шешейік, есті бастық мұндайды сыртқа шығармай, ішкі тәртіппен шешеді ғой деп бірнеше рет алдына жалынып бардым. Бірақ генерал мырза мені тыңдағысы да келген жоқ! «Орныңнан алып, қылмыстық іс қозғатамыз»,-деді. Содан тергеу жөніндегі орынбасары С. Ергешов қайта-қайта хабарласып, Анықтау басқармасының бастығы Н. Сүйеубеков хабарласып, “үстіңізден ҚР ҚК 378-бабының 1-бөлігі (Билік өкілін қорлау) бойынша іс қозғалды, тағы да біразынан, жүргізушілерден басқадай арыз алып, бәрібір қаматамыз деп жатыр»,-деді. Қайта-қайта қаматамыз дегені нес? Сонда әділдік қайда? Бұған қалай төзуге болады? Қызмет орным үшін... Екі ай бойғы қысым мен қудалау...шегіне жетті! Үстімнен іс қозғалды, енді жазықсыз қамалып кеткенше — өлген артық екенін түсіндім, өзіме қол жұмсадым... Шындық — ОСЫ!
«Қаңтар оқиғасында» да күн-түн демей, апталап үй бетін көрмей, соңына дейін қалтқысыз қызмет еттім... Сөзімнің дәлелі — департаменттегі бейнебақылау камераларын кез келгеніңіз ашып көрсеңіздер болады! Дәл осы «Қаңтар оқиғасы» деп есімізді әрең жиып жатқанда, департаментте басшылық ауысты. Түркістан облысы ПД бастығы Қ.Дәлбеков мырза Шымкент қаласы полиция департаментінің бастығы болып тағайындалды. Содан... Ел басына күн туғанда қала мен халықтың қауіпсіздігі үшін өмірін қатерге тігіп қызмет еткен жеке құрам, тиісінше қолдаудың орнына, қысым мен қудалауға ұшырады! У-шу, абыр-сабыр, «больничный» аштырып кетушілер көбейді...
Бұған дейін 8 ай жұмыс істеп, департаментте таныс-тамыр, туыстық тағайындаулар, «командалық» көшу, «шәй-майға» жинау дегенді мүлдем естімегенмін! Ал Қ.Дәлбеков келгеннен кейін, “шәй-майға” жеке құрамнан жинаймыз”,-деген сөзін Антикор жедел бейнежазба арқылы дәлелдеп берді емес пе? “Командасымен” көшіп кеп, жемқорлыққа жол беріп отырған генералға тек «сөгіс» берумен шеттелгенді қалай түсінуге болады? Неге әлі қызмет орнында департаментті басқарып отыр? Полицияның өзі қылмыс жасаса, халық енді кімге сенеді? Қ. Дәлбеков — Елбасы Н. Назарбаевтың құдасы, Әнипа Назарбаеваның туған ұлына қыз бергенін бәрі біледі. Арқасында — «МЫҚТЫ» адамдар тұр! Енді кеп маған қатысты жүріп жатқан тергеу амалдарына қысым жасап, араласса не болады? Себебі, қазіргі кезде тергеу амалдары жүріп жатқанына қарамай, істің ақ-қарасы анықталмай жатып, Ішкі істер Министрлігінің өзі менің айтқандарымды жоққа шығарып, тіпті онысын БАҚ-қа таратты. Бірақ ондағы ақталу-жауаптары шындыққа жанаспайды. Бір ғана мысал, «командалық көшу» жоқ болса, қазіргі Жергілікті полиция басқармасының бастығы Ұ.Мылтықов мырза қайдан келіпті? Оны Маңғыстаудан кім өзімен бірге Түркістанға, одан Шымкентке әкеліп отыр? С. Қаракөзова ше? Түркістаннан мем. бағдарлама бойынша алған пәтерлері кімнің атында қалды? Сосын, менің департаментте ешқашан бес жүргізушім болған емес! «Аудиожазбаны жариялағанына рахмет» деп, жұмысқа келмей жүрген Мақсаттың қызметін өсіріп, лауазымды қызметке қойып отырсыздар ма?
Мен енді ІІМ-не де сенбеймін!
Елдің алдында ақиқатты айтып отырып, қазір өзімнің ғана емес, жақындарымның да өмір қауіпсіздігі үшін алаңдаймын... Қорқамын!
Сондықтан, бұл істі Бас прокурор Б.Н.Асылов мырза қадағалап,
ҚР Конституциясының кепілі — Президентіміздің өзі қатаң бақылауға алуын өтініп, сұраймын!
Бірақ, алдағы уақытта Елбасы құдаларының көлеңкесінен қорықпайтын... заңсыз әрекеттер түбегейлі тыйылып, тиісінше кінәлі тұлғалар заңға сай жауапкершілікке тартылып, иә Президентіміз тапсырған Жаңа Қазақстан — әділ Қазақстан орнайтынына кәміл сенімдімін!
Бүгін Антикорға келіп, бар шындықты айтып, арызымды жазып кеттім. Таяуда осы іске қатысты арнайы баспасөз-брифингін өткізетін боламын. Сондықтан, өз әріптестерім — БАҚ өкілдеріне шындыққа тура қарайтын қайсар-қасиеттері үшін тек алғысымды білдіргім келеді!

Оқи отырыңыз

загрузка...

Соңғы жаңалықтар

Аптасына бір рет ең танымал мақалалардың дайджесін жібереміз

Қызықты материалдар