Қызылордада кәмелетке толмаған қыз бірнеше рет зорланған. Бұл туралы "НеМолчиKZ" қоғамдық қорының басшысы Дина Таңсәрі Facebook парақшасында жазды, деп хабарлайды Skifnews.kz ақпарат порталы.
Оның айтуынша, 14 жастағы қыздың әкесі 2019 жылы қайтыс болған, ал анасы оны жиі жалғыз тастап кетеді екен. Күдікті бұл жайлы білген және жасөспірімді бірнеше рет зорлаған.
Құқық қорғаушының сөзінше, іс алғашқыда Қылмыстық кодекстің 120-бабы (Зорлау) бойынша қаралып, кейін сотқа аталған кодекстің 122-бабы (Он алты жасқа толмаған адаммен жыныстық қатынас немесе сексуалдық сипаттағы өзге де әрекеттер жасау) бойынша жолданған.
"Әдетегідей, тергеу қыздың сөзін елемейді. Қыздың айтуынша, оны зорлап, артынан бүкіл ауылға айтамын деп бопсалаған. Күдікті қызды екі рет кездесуге, жыныстық қатынаспен айналысуға мәжбүрлеген, әбден қорлап, мазақ еткен. Бірақ тәртіп сақшылары мұны екіжақты келісіммен болған жыныстық қатынас деп санайды", - дейді Таңсәрі.
Қазіргі уақытта қыздың ісімен Алматыдан келген әпкесі айналысуда.
"Сотталушының адвокаты қызды сотқа әпкесімен бірге қатысу құқығынан айыруды сұрап, тұрып алды. Әпкесі қылмыстық іс бойынша өкіл болған. Бұл адамгершілікке жатпайды. Бұл адвокаттар зорлаушыларды қорғағанды ұнатады, өйткені сотталушының әкесі осы ауылдың ревизоры. Құқықтық мәселеде сауаты жоқ әпкесі адвокаттың жұмысына кедергі келтіре ала ма?" - дейді Таңсәрі.