16.05.2022, 18:00

«Алтын Орда» базарында салық төлеуге қатысты заң бұзушылықтар анықталды

Қабылданған шаралар нәтижесінде бюджетке 1,5 млрд теңге сомасында салық төленді.
Қазақстан Республикасы Қаржы министрлігінің Мемлекеттік кірістер комитеті «Алтын Орда» базарына қатысты бірқатар бақылау шараларын жүргізді, деп хабарлайды Skifnews.kz ақпарат порталы ҚР Қаржы министрлігі мемлекеттік кірістер комитетінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.   «Алтын Орда» базары аумағында сауда жасайтын 2993 тұлғаның кәсіпкер ретінде тіркелуі қамтамасыз етілді (оның ішінде ақпанда – 1371, наурызда – 1443, сәуірде – 179). Бұрын тіркелген жеке кәсіпкерлер мен заңды тұлғаларды есепке алғанда олардың саны 3324 субъектіні құрады. Бұған дейін базар аумағында 331 салық төлеуші ​​тіркелген болатын», – деп хабарлады ведомствоның баспасөз қызметі

Ведомствоның хабарлауынша, базарды жалға алушы «Altyn Orda QazTrade Ltd» ЖШС мен базар иесі «ҚҰРЫЛЫС LTD» ЖШС - «Құрылыс LTD» ЖШС-не қатысты бақылау шаралары жүргізілді.

«Қабылданған шаралар нәтижесінде бюджетке 1,5 млрд теңге сомасында салық төленді, оның ішінде «Altyn Orda QazTrade Ltd» ЖШС 1,4 млрд теңге салық төлесе, «ҚҰРЫЛЫС LTD» ЖШС - Құрылыс LTD 92,3 млн теңге бюджетке төледі», -  делінген ҚР Қаржы министрлігі Мемлекеттік кірістер комитетінің хабарламасында.

Сонымен қатар, жүргізілген жұмыстардың қорытындысы бойынша «Altyn Orda QazTrade Ltd» ЖШС мен «KURYLYS LTD» - «Курылыс ЛТД» ЖШС-ына камералдық бақылау бойынша жалпы сомасы 1,3 млрд теңгеге хабарламалар қойылып, 1,1 млрд теңге қосымша салық есептелді. Қазіргі уақытта оның 650 млн теңгесі бюджетке өндірілді

Камералдық бақылау салықтық тексеру жүргізбестен мемлекеттік кірістер органдарының хабарламалар беруін білдіреді.

Сондай-ақ, қазіргі уақытта «Altyn Orda QazTrade Ltd» ЖШС мен «KURYLYS LTD» ЖШС - Құрылыс LTD ЖШС-не қатысты салықтық тексерулер жүргізілуде.