Алматы полициясында Qnet желілік компаниясына қатысты қылмыстық іс қаралып жатыр, деп хабарлайды Skifnews.kz ақпарат порталы.
«Қазір Qnet компаниясының қызметіне қатысты Алматы полиция департаментінің тергеу басқармасы ҚР Қылмыстық кодексінің 217-бабы (Қаржылық (инвестициялық) пирамиданы құру және оған басшылық ету) бабы бойынша қылмыстық істі тергеп жатыр», - деді Алматы қалалық Полиция департаменті бастығының орынбасары Рустам Әбдірахманов.
Полиция өкілінің айтуынша, тергеу барысы ҚР Бас прокуратурасы, Ішкі істер министрлігі, Алматы қаласы прокуратурасы мен Полиция департаменті басшылығының ерекше бақылауында, жедел-іздестіру шаралары жүріп жатыр.
«Qnet Қазақстан Республикасы заңнамасына сайкес кәсіпкерлік қызмет көрсетіп жатқан жоқ. Компанияның банктік және инвестициялық қызметке лицензиясы мен рұқсаты жоқ»,- деді ол.
Айта кетейік, компания желілік маркетинг жүргізеді, онда адамдар түрлі зергерлік бұйымдарды сатумен айналысады. Бастапқы салым сомасы – 30 доллар. Қазіргі уақытта құқық қорғау органдарына азаматтардан түскен 220 шағым тіркелген.