Бұрынғы экономика және сауда, білім және ғылым министрі Жақсыбек Құлекеев Тоқаевтың адамгершілік қасиеті жайлы өзінің қызықты естеліктерімен бөлісті. Ол бұл туралы «Сұрауы бар» Youtube арнасына берген сұхбатында айтты, деп хабарлайды Skifnews.kz ақпарат порталы.
«Мен түрмеден шығып келген уақытта қазақ болған соң, әрине, жақын туыстарым, айналам шақырып шай беріп жатты. Ал бұрынғы қызметтес болғандардың ішінде үйіне шақырып бірінші шай берген азамат – Қасым-Жомарт Кемелұлы. Ол кезде Тоқаев Сенат төрағасы болатын. Түрмеден шығып келген мені үйіне шақырып дастарқан жайды. Екеуміз кешкі сағат 6-дан түнгі 2-3 ке дейін ұзақ отырып әңгімелестік. Содан кейін мемлекеттік мәселелер, қабылданып жатқан шешімдер бойынша пікірімді сұрады. Сосын кетіп бара жатқанымда маған «Жәке, осы айтқандарымды маған жазып берші» деді. Сосын екі-үш күн отырып 20-30 парақ қағаз жазып бердім. Анда-санда шақырып тұрады. «Сенің жазғандарыңды әлі тастамай оқып жүрмін» деп айтады. Ол, әрине, менің көңілімді аулап айтқан болуы мүмкін. Дегенмен де ондай нәрселер маған қуат беріп жүрді десем артық айтқандық емес», – деп пікір білдірді экономист.
Еске сала кетсек, Жақсыбек Құлекеев «Қазақстан темір жолы» компаниясын басқарған тұста, яғни 2008 жылд ірі көлемде пара алды деген айыппен қамауға алынған болатын. Қызмет бабын асыра пайдаланғаны үшін кінәлі деп танылып, 3 жылға бас бостандығынан айырылған.