$ 494.87  520.65  4.91

«Қарапайым жол қыл көпірдей болды»: Тас жол маңындағы тұрғындар қорқынышпен өмір сүріп жатыр

Оған себеп – жоғары жылдамдықпен ағылып жатқан көліктер.

Құлжа тас жолының маңындағы Гүлдала ауылының тұрғындары қорқынышпен өмір сүріп келеді. Олар тіпті жолға жаяу шығудан қалған, деп хабарлайды Skifnews.kz ақпарат порталы Алматы арнасына сілтеме жасап.

Оған себеп – жоғары жылдамдықпен ағылып жатқан көліктер. Мезі болған жұрт осылай деп жанайқайын жеткізді. 9 мыңдай халқы бар Гүлдала ауылы Құлжа даңғыл жолының бойында орналасқан. Алматыға да, облысындағы елдімекендерге де жақын.

«Анау аялдамада түсемін де балаларымды шақырамын. Менің көзім жөнді көрмейді. Жалғыз жүруден қорқамын. Ата-аналар да солай. Балаларын күтіп алады. Жолдан өту қауіпті», – деді Гүлдала ауылының тұрғыны Майнұр Шәріпова.

«Бүгін таңда бір балақай ажал құша жаздады. Ол жаяу жүргіншілер жолымен кетіп бара жатса да, жоғары жылдамқпен келе жатқан көліктер өткізбеді. Қайта жүгіріп, баланы аман алып қалдық. Бұл – менің ғана емес, ауылдың мәселесі», – деді Гүлдала ауылының тұрғыны Надира Кичкова.

Полиция департаментінің дерегінше, биылдың өзінде Құлжа трактісінің Гүлдала ауылына тиіп тұрған маңында 27 жол апаты болып, салдарынан 2 адам қаза тапқан. 44 адам түрлі дене жарақатын алыпты.

«Қарапайым жол қыл көпірдей болды» деген халықтың айтуынша, зардап шеккендер саны күн санап артып жатыр. 2 жыл бұрын дәл осы жолда жан тапсырған марқұмның анасы да, сол кездегі мәселенің әлі күнге дейін шешім таппағанына қапалы.

«Бірі тоқтаса, келесі бетінде келе жатқаны тоқтамайды. Солай ережені елемеген жүргізушінің кесірінен ұлымның ғұмыры ерте үзілді. Ол өз жолымен кетіп бара жатқан еді. Қазір өкірсем де, өкінсем де ұлым қайтып келмес. Бірақ мына мәселе шешілмесе тағы бір ата-ана сорлап қалар», – деді  Гүлдала ауылының тұрғыны Захида Керімова.

Ауылдық округтің әкімдік өкілдері жұрт қауіпсіздігі үшін «Бағдаршам орнату» жобасын әзірлепті. Тіпті, оның сметалық құжаттары да дайын, Сөздеріне сенсек, жергілікті әкімдік тарапынан өтініш берілген.

«Бюджетке, бөлінген ақшаға байланысты. Қашан бөлінеді, сол кезде бағдаршам орнатылады», – деді  Гүлдала ауылдық округі әкімі аппаратының бас маманы Жұлдыз Адамбалинова.

16 мыңнан астам халқы бар Гүлдала ауылдық округіне 3 елдімекен қарайды. Алайда дәл осы жол ережесіне тірелген мәселе әзірге 1 ауылға қатысты болып отыр. Еске салсақ, 6 ай бұрын дәл осы жолда мектеп жасындағы бала көлік астында қалып, мерт болған.

Сіздің реакцияңыз?
Ұнайды 0
Ұнамайды 0
Күлкілі 0
Ашулы 0

Серіктес жаңалықтары

Тегтер:

#Алматы #жол