Ақмола облысының Ішкі саясат басқармасы өз имидждерін қалыптастыруға көмектесетін блогерлерге лот жариялады, деп хабарлайды Stan.kz ақпарат агенттігі.
Жақында Қазақстанның Ұлттық статистика бюросы 2021 жылы тұрғындары кедейлікте өмір сүрген облыстарды жариялаған болатын. Соның ішінде Ақмола облысы үшінші орында тұр.
"2021 жылы кедейліктің ең жоғары деңгей Түркістан және Маңғыстау облыстарында тіркелді. Үшінші орында Ақмола облысы", - деп жазды статистика бюросы.
Соған қарамастан, Ақмола облысының әкімдігі өзінің оң имиджін қалыптастыру үшін миллиондаған теңгенің тендерлерін жариялап жатыр.
Оң имидж қалыптастыру, әлеуметтік желілерде ақпараттық-түсіндіру жұмыстарын жүргізу және SMM қызметі үшін облыстық ішкі саясат басқармасы кеше, 18 мамырда 10,4 млн теңгенің лотын жариялады.
Бұл лотты жеңіп алған тарап "жалпы алғанда айына 10-нан аспайтын пост, оның ішінде мемлекеттік органның қызметін ілгерілету тақырыбы бойынша материалдарға сілтемелері бар лидтерді (қысқартылған мәтін) жариялау" керек.
Сондай-ақ, тапсырыс беруші туралы әлеуметтік желіде жазылған негативпен жұмыс істей білуі тиіс.
Ол аз десеңіз, осы лотты жеңіп алған адам адал блогерлерді іріктеп, брендтелген контент жасау үшін тапсырыс берушімен келісе отырып, 3 блогер таңдап алу керек.
"Контент жоспар құру, блогерлер үшін Жарияланымдар дайындау – мемлекеттік органның имиджін қолдау үшін айына 6 позитивті пост жазу" деп талап қойып отыр бұл блогерлерге ішкі саясат басқармасы.
Имидждік лотқа маусымның екісіне дейін өтініш қабылданады.