Қарағандыдағы ірі сауда орындары мен шағын дүңгіршек сөрелерінде қант жоқтың қасы, деп хабарлайды Skifnews.kz ақпарат порталы Хабар 24 телеарнасына сілтеме жасап.
Тұрғындардың айтуынша, қанттың бір келісі 500 теңгеден асып кеткен. Дегенмен әкімдіктегідер қалада тапшылық жоқ екенін айтады. Сөздерінше, тұрақтылық қорында 400 тонна қант бар.
Қарағандыдағы дүкендерден "Қант жоқ" немесе "Бір адамға бір келі" деген жазуларды көруге болады.
"Күнде келемін. Бұрын сағат 14:00-ден кейін қант сатылатын. Бір қолға бір келі ғана берді. Соңғы төрт күнде сөрелер мүлде бос қалды", – дейді Қарағанды қаласының тұрғыны Ғайникен Түсіпова.
Ал әкімдіктегілер қант тапшылығының жоқ екенін және қордың жеткілікті екенін айтады. Егер қажет болса, қор толықтырылады. Оның үстіне бір апта көлемінде 20 тонна қант дүкендерге жіберілетінін мәлімдеді. Мамандардың сөздерінше, қажетті тауар облыстағы шет елді мекендерге де жеткізіледі.
"Әлеуметтік павильондар өтініш бойынша әр жұма сайын алып кетеді. Сәрсенбі және жұма күндері қоймадан қант алады. Үстемесі тек 15 теңге болатын шығар", – деді қойма меңгерушісі Мереке Жұмаділова.
"Тек мамыр айынан бастап 400 тонна қант келіп түсті. Қазіргі уақытта коммерциялық қоймаларда 334 тонна қант бар. Тұрақтылық қорында 465 тонна қант сақтаулы. Қала және аудан әкімдіктерінің өнтіші бойынша тауар интервенциясы жалғасып жатыр", – деп мәлімдеді облыстық Кәсіпкерлік басқармасы бөлімінің басшысы Жұлдыз Құсайын.
Әлеуметтік маңызы бар тауардың үстемесі 15%-дан аспауы керек. Егер талап орындалмаса, айыппұл салынады.