$ 448.89  477.93  4.76

Ұлттық қор: ол шын мәнінде таусыла ма?

Осы қалпында қала берсе, Ұлттық қордың 4-5 жылда бітіп қалатыны туралы қорқынышты әңгімелерді жиі естиміз.
Фото: ашық дереккөз
Фото: ашық дереккөз

Осы қалпында қала берсе, Ұлттық қордың 4-5 жылда бітіп қалатыны туралы қорқынышты әңгімелерді жиі естиміз.  Бұл тұрғыда, оқырмандардың көбі Ұлттық қорда қаржы ақшалай сақталады деп ойлайды. Бірақ мүлде олай емес және Ұлттық қор 4-5 жылда бітіп қалады дегенге мен аса сенбес едім.

Жыл сайын, шамамен маусым-шілде айларында Ұлттық қордың өткен жыл бойынша толық есебі дайындалып, құжат бекітілу мақсатында Президенттің қол қоюына жолданады. Сондықтан, 2021 жылы Ұлттық қордың қалай басқарылғаны туралы ресми ақпаратты біз әлі алған жоқпыз. Бірақ біздің қолымызда 2020 жылдың толық картинасы бар.

Бұл ретте, біраз анықтамаларды қарапайым тілмен түсіндіруге тура келеді.

2020 жылдың қортындысы бойынша Ұлттық қор активтерінің долларға шаққандағы құны 61,4 миллиард доллар болды. Графикке қарап, 2014 жылы қордың активтер құны бойынша ең жоғары нәтиже көрсеткенін байқауға болады. Сол жылы қордың көлемі 75,2 миллиард доллар болды да, Үкімет жақын жылдары қордың қоржыны 100 миллиард долларға жетеді деп уәде бере бастады. Артынан уәде орындалмай қалды, әрі қор көлемінің керісінше азая бастағандығын көреміз.

Осы орайда, біздің жыл сайын Ұлттық қордан трансферт түрінде қанша ақша алып келгенімізді және қанша ақша салып келгенімізді саралап, оның көлемінде инвестициялық табыстың үлесі басым ба, әлде біздің салып/алғанымыз басым рөл ойнай ма, соны анықтай аламыз.

Ұлттық қордан қаржы алудың жылдық көрсеткіштері деген графикті қарасаңыздар, біздің ең көп, яғни 4 триллион теңгеден астам қаржыны 2017 және 2020 жылы алғанымызды байқайсыздар. Және дәл сол жылдары Ұлттық қор активтері 61,7 мен 61,4 миллиард доллар болып, ең төмен нәтиже көрсеткен. 

Енді, Ұлттық қорға қаржы салудың жылдық көрсеткіштері графигіне қарасақ, қорға 2017 жылы 2 триллион теңге, ал 2020 жылы бар-жоғы 1,4 триллион теңге ақша құйғанымызды көреміз. 2020 жылы пандемия салдарынан мұнай бағасының рекордты құлдырауы орын алғандықтан, қорға дұрыс қаржы құя алмағанымыз түсінікті. 

Қордың табысы тек оған мұнайдан түскен ақшаны құюмен ғана шектелмейді. Қордың инвестициялық табысы бар. Қарапайым тілмен айтсақ, депозитте тұрған ақшаның сәл де болса көбеюі сияқты. Бірақ, Ұлттық қор көлемі – ақшамен емес, оның активтерінің қазіргі құнымен есептеледі. Себебі, Ұлттық қорда сіз ойлағандай ақша доллар не евро күйінде жатқан жоқ. Ақша құнды қағаздарға салынған. 

Ол қандай құнды қағаз?

Қордың валюталық активтерінің 56,8 пайызы (33,3 млрд $), яғни жартысынан астамы дамыған елдердің мемлекеттік облигацияларына салынған. Облигацияның қауіпсіздігі мен кірісі сол мемлекеттер тарапынан кепілдік беріледі. Орта есеппен олардың жылдық кірісі 1,5% шамасында. Қарапайым тілмен айтсақ, 33,3 миллиард долларымызға облигацияны бір жыл ұстасақ 500 миллион доллар кіріс аламыз. 

Активтердің 24,8 пайызы акцияларға салынған. Енді осы жерде акция мен облигацияның айырмашылығын түсіндіре кетсек. Екеуі де құнды қағаз болып саналады. Бірақ, облигация – жылдық кірістілігі алдын-ала бекітілген, кепілдік берілген қағаз. Яғни, кірістілігі 5% облигацияны биржада 100 мың теңгеге сатып алсаңыз, бір жылдан кейін облигация өтеледі де, сізге 100 мың теңге қайтып келеді және оның үстіне сыйақы ретінде 5 мың теңге купон төленеді. Ал акция – компания меншігіндегі үлесіңді растайтын құнды қағаз. Оның бағасы биржада күнде құбылып тұрады. Акцияны сатып алып, артынан сатқанда сіз не кіріс алуыңыз мүмкін немесе шығынға батуыңыз мүмкін.

Біз Ұлттық қорды 2002, 2008, 2014, 2015, 2018 жылдары минусқа жіберіп алғанбыз. Ол Ұлттық қор таңдаған акциялардың өз құнын жоғалтуынан орын алды. Қалған жылдарды жағымды нәтижемен аяқтап отырдық. Жалпы Ұлттық қор инвестициялық жұмыстан 2020 жылы 4,15 миллиард доллар тапқан. 2020 жылда теңгенің орташа ресми бағасы долларына 412,95 деңгейінде болғанын ескерсек, 1,7 триллион теңгенің бізге таза инвестициялық кірістен келгенін көреміз. Сол жылы мұнайдан Ұлттық қорға небары 1,4 триллион теңге түскен еді.

Сонда, бұдан қандай қортынды шығаруға болады? 

Егер Ұлттық қорды дұрыс басқарып, өсетін акцияларды таңдай алып, мықты инвестияциялық саясат жүргізсек, біз мұнай бағасына тәуелділіктен құтыламыз. Тек ол үшін қазіргі жағдайды пайдаланып, Ұлттық қор көлемін кем дегенде 100 миллиард долларға жеткізу керек. Мұнайдың бағасы қымбат болып тұрған қазіргі уақытта оны іске асыру қиын емес. Сонымен бірге, Ұлттық қордан жыл сайын ірі көлемде ақша ала беруді тоқтату қажет. Мысалы, биыл біз қордан 4 триллион теңге аламыз. Бұл 2017, 2020 жылдардың рекордын тағы қайталау деген сөз. Келесі жылы трансфертті қалай болғанда да азайту өте маңызды болып тұр. 

Егер 100 миллиард доллар жинап алып, одан жыл сайын кем дегенде 5% кіріс алып отырсақ, бізге проценттен-ақ жылына 5 миллиард доллар түсіп отырады. Тіпті мұнай бітіп қалды немесе одан әлем бас тартты деген күннің өзінде де, Ұлттық қордың негізгі қаржысына тиіспей, сол 5 миллиард доллармен бюджет дефицитін жауып отыруға мүмкіндік бар.

Сондықтан, Үкіметтің мемлекет тағдырына жаны ашыса, Ұлттық қорды барынша сақтау маңызды. Және қазіргі біздің экономикалық баланс саясатымен оны 4-5 жылда бітіру тіпті мүмкін емес. 

baq.kz 

Сіздің реакцияңыз?
Ұнайды 0
Ұнамайды 0
Күлкілі 0
Ашулы 0

Серіктес жаңалықтары