Жаңалықтар 21.05.2022 сағат 00:28

Нұр-Сұлтанда тұтас бір көшенің тұрғындары бағананың кесірінен өліп жатыр

Елорда тұрғындары 24 жылдан бері жоғары кернеулі бағаналармен алысып келеді.
Нұр-Сұлтанда тұтас бір көшенің тұрғындары бағананың кесірінен өліп жатыр
Фото: ашық дереккөз
Бөлісу
Бөлісу
Бөлісу

Елордада тұтас бір көшенің тұрғындары 24 жылдан бері жоғары кернеулі бағаналармен алысып келеді. Айтуларынша, соның салдарынан әр үйде онкологиялық сырқатқа шалдыққан адам өмір сүріп жатыр. Дерт меңдеген біраз азамат о дүниелік болып кетіпті, деп хабарлайды “КТК” арнасы.

Жоғары кернеулі бағаналарды орнатқаннан кейін бұрынғы Күлтегін, қазіргі Бишіқайың көшесінің тұрғындары шағымдарын айтты.

Айтуларынша қазір шамамен әр үйде онкологиялық дертпен ауыратын бір жан бар. Сонау 1998 жылы бұл бағаналарды тұрғындардың қақ төбесінен жүргізгенде шенеуніктер "уақытша, кейін сіздерді басқа жерге көшіреміз" деп уәде берген. Азаматтардың сол уәдені күтіп  жүргеніне 24 жыл болған.

Гүлжан Байнүкеева бағаналарды орнатардан бір жыл бұрын осы үйіне көшіп келіпті. “Түгел көше болып кернеудің зардабын тартып отырмыз”, - дейді ол. Онкологиялық аурудан жеңіліп бақиға аттанып жатқандары да қаншама. Өзі де бір ұлын жер қойнына берген.

“Адамның өміріне зиян. Бізде көшемізде ауырмайтын адам жоқ. Жүз адам болса, соның жетпіс бес проценті ауырады. Осы біздің көшемізде тұратын жетпіс бес проценті ауырады. Менің өзім онкологиямен ауырамын. Қызым да ауырады, күйеуімнің қан қысымы жоғары. Бір үйде төрт адам тұрсақ соның үшеуміз учетта тұрамыз”, – дейді Нұр-Сұлтан қаласының тұрғыны Гүлжан Байнүкеева.

Сырқатқа қарсы күресер иммунитеттің әлсіздігінен ауру біткеннің барлығы осы көшенің тұрғындарына жабысатындай. Қысқа толқынды пештің ішінде өмір сүріп жатқандаймыз деп ашынған азаматтар бүгін энергетика министрі Болат Ақшолақовтың елордалықтармен кездесуіне де келді. Олар өз көшелерінде санитарлық норма талаптары бұзылғанын растаған денсаулық сақтау министрлігінің қаулысы болса да, неге әлі күнге сең қозғалмай жатқанын түсінбей дал.

“Менің он жасар баламның бетінде ісік пайда болды. Біз онколог дәрігердің есебінде тұрмыз. Оған ота жасау керек. Біздің көшеде ересектерді былай қойғанда тіпті сау бала қалмай бара жатыр. Бұл не сұмдық”, – дейді Нұр-Сұлтан қаласының тұрғыны Гүлден Әділбекқызы.

Азаматтардың қақпаған есігі қалмаған. Осы мәселеге жауапты Ақмола электржелілік үлестіру компаниясының өкілдеріне де арызданған. Бірақ олар ешқандай ереженің бұзылмағанын айтады.

“Санитарлық нормасы мен ережелері сақталған. Тіпті болмашы 20 метріне дейін. Мәселенің ең мәдениетті шешімі сотқа жүгіну. Бұндай бос әңгімеден еш нәтиже шықпайды. Менің басқа айтарым жоқ”, – дейді "Ақмола электржелілік үлестіру компаниясы" АҚ бас инженері Руслан Өтебаев.

"Негізі бұндай кем-кетіктерді түзеген едік, сіздер назардан қалай тыс қалғансыздар", - деді энергетика министрі.

“Бұл бұрын өте үлкен мәселе еді. Осындай тым төмен, ашық орналасқан электр желілері көп болды. Кейін олардың барлығы жер асты кабеліне алмастырылды. Сіздердікі секілді тұйық көшелер назардан тыс қалып қойған болуы керек. Көрейік, жағдайды бағамдайық, бізге уақыт беріңіздер”, – дейді  энергетика министрі Ақшолақов.

Энергетика министрі бастапқыда “орынбасарларымды жіберемін, олар жағдаймен танысады” деген. Бірақ, артынша, тоқтың зардабын тартқан тұрғындардың жай-күйін өз көзімен көруге уәде берді.

Оқи отырыңыз

загрузка...

Соңғы жаңалықтар

Аптасына бір рет ең танымал мақалалардың дайджесін жібереміз

Қызықты материалдар