«Атырау-Алматы» бағытындағы пойызда есінен танып, денсаулығы сыр берген жолаушыға медициналық көмек көрсетіп, аман-есен алып алып қалған сарбаз туралы тың ақпарат шықты, деп хабарлайды Skifnews.kz ақпарат порталы.
Facebook қолданушысы Ғалым Шойкин жариялаған ақпаратта қатардағы жауынгердің есімі Абылайхан Убайдуллаев екені айтылған. Тағы бір дерек көздерінде өмір мен өлім арасында жатқан адамға шұғыл түрде көмек көрсетіп, аман алып қалған сарбаздың әскерге шақырылғанға дейін жедел жәрдемде жұмыс істегені айтылған.
Анығы Абылайхан Убайдуллаев ҰҚК Шекара қызметінің әскери қызметкері болып қызмет етеді. Ол сол күні өзінің қатарлас сарбаздарымен бірге Атыраудан Зайсанға, жаңа қызмет орнына аттанып бара жатқан. Абылайхан өмірін сақтап қалған әйел Өзбекстан азаматы болып шыққан.
«Түн ортасында жолсерік аға топ майоры Еркінбаевтан көмек сұрайды. Ол келесі вагонда пойыздың жолаушысы ауырып қалғанын, оған шұғыл медициналық көмек қажет екенін айтқан. Көмекке қатардағы әскер Абылайхан Убайдуллаев ұмтылды. Ол мамандығы бойынша – фельдшер, әскери борышын өтегенге дейін жедел жәрдемде жұмыс істеген.
Әйел ес-түссіз жатқан. Жолдастарының айтуынша, ол жүрегінің ауырғанына шағымданып, қысымға қарсы дәрілер қабылдаған. Науқас жақын маңдағы станцияда оны әрі қарай ауруханаға жатқызу үшін дер кезінде жеткен жедел жәрдем дәрігерлеріне тапсырылды», делінген ҰҚК таратқан мәлімдемеде.
Адамды құтқарудағы батыл әрі шешуші әрекеттері үшін қатардағы жауынгер Абылайхан Убайдуллаев дипломмен және сыйлықпен (қол сағаты) марапатталды.
«Лайық азамат, сезімтал тұлға тәрбиелегені үшін» Шекара қызметі департаментінің басшылығы шекарашының анасы Гүлбаршын Басановаға Алғыс хат табыс етті.
«Қалған сарбаздардың ішінде ол өзінің тәртіптілігімен ерекшеленді. Мен оның ата-анасына лайықты ұл тәрбиелеп өсіргені үшін үлкен рахмет айтамын», – деді оның бірінші жасақ басшысы, ефрейтор Нұрым Хабдрашитов.
Өзбекстан азаматы Бибігүл Тілеуова да өзін құтқарған сарбазға алғыс білдіріпті.
«Пойызда эпилепсиямен ауырдым. Бұл сарбаздың қасымызда болғанына өте қуаныштымын. Сол кезде оған алғыс айтып үлгермедім. Көмек көрсеткені үшін алғыс айтамын және қызметіне сәттілік тілеймін», – дейді ол.