Германиялық сот-медициналық сараптама көрсеткендей, Рахат Әлиев өзіне қол салмаған, оны бір немесе бірнеше адам қылқындырып өлтірген және кеудесінен басып қинаған.
Мұндай қорытындыны танымал неміс маманы Бренд Бринкманн жасап отыр. Оның тексеру жүргізуіне Әлиевтің қорғаушылары тапсырыс беріпті. Бұл туралы Die Zeit неміс басылымы хабарлап отыр.
Бринкманның жүргізген тексерісіне сәйкес, Рахат Әлиевті бір емес бірнеше адам өлтірген. "Әлиевтің өлімі тұншығудан болған. Қылмыскер немесе қылмыскерлер оның кеудесінен күшпен басып, мұрны мен аузын бітеп тұншықтырған", - делінген тексеру қорытындысында. Маманның айтуынша, бұл жайт Австрияның атына сын.
Сот-медициналық сараптаманың жаңа қорытындысы Автрияда айтарлықтай шу туғызып отыр. Маманның пікірін Heute, Krone сынды жергілікті басылымдар, Германияның Kurier газеті және Ресейдің "Коммерсантъ" пен ТАСС агенттіктері жарыса жазуда.
Естеріңізге салайық, Рахат Әлиевтің өлі денесі Австрия түрмелерінің бірінен 2015 жылы табылған болатын. Асылып қалған мәйітті түрменің қараушысы мен медбике тауып алған. Дереу жүргізілген тексеріс оның өзіне қол жұмсағанын анықтаған еді. Артынша жүргізілген қос бірдей медициналық сараптама бұл болжамды растады. Яғни, Рахат Әлиев асылып өлген деді австриялық мамандар.
Бернд Бринкманн асылып немесе тұншығып өлу деректерін зерттеумен айналысады. Ол бұған дейін ресейлік олигарх Борис Березовскидің өлімін тексеріп, оның суицид жасамағанын, белгісіз біреулермен өлтірілгенін анықтады.