$ 449.58  486.94  4.86

Әлемнің үздік университеттері рейтингіне Қазақстаннан бір ғана ЖОО кірді

Биыл әлемдегі 20 мыңға жуық жоғары оқу орны бағалаудан өтіп, оның ішінде үздік 2 мың университет іріктеп алынған. Дәл осы тізімге елімізден тек Назарбаев университеті ғана кіріп отыр.
Фото: ашық дереккөз
Фото: ашық дереккөз

Әлемнің үздік университеттерінің мәртебелі академиялық рейтингіне Қазақстаннан бір ғана жоғары оқу орны кірді, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі Finprom.kz порталына сілтеме жасап. Center for World University Rankings (CWUR) құрастыратын әлем университеттерінің академиялық рейтингі - жоғары оқу орындарының арасында жүргізілетін айтулы рейтингтердің бірі саналады.

Биыл әлемдегі 20 мыңға жуық жоғары оқу орны бағалаудан өтіп, оның ішінде үздік 2 мың университет іріктеп алынған. Дәл осы тізімге елімізден тек Назарбаев университеті (әлемнің 19,8 мфың ЖОО-лары арасындағы ТОП-2000 ішінде 1765 орында тұр) ғана кіріп отыр. Мұның үстіне Назарбаев университеті - тек Қазақстаннан ғана емес, сонымен бірге Орта Азия елдерінен аталған рейтингке кірген жалғыз жоғары оқу орны.

ТМД елдерінің ішінде бұл рейтинге Ресейдің 42, Украинаның 6, Беларусьтың 2 университеті, ал түркі мемлекеттерінің ішінде Түркияның бірден 56 жоғары оқу орны кірген. Әлемнің үздік 5 университеті қатарында АҚШ-тың Гарвард университеті, Массачусетс технология университеті, Стэнфорд университеті, Британияның Кембридж бен Оксфорд университеттері бар. Айта кетерлігі, елімізде жоғары оқу орындарының саны біртіндеп қысқарып, нашар оқу орындары жабылып жатыр. Олардың білім беру деңгейіне бақылау да күшейтілген.

Мәселен, 2021-2022 оқу жылында республикада 122 ЖОО болды. Салыстырмалы түрде айтар болсақ, осындан 5 жыл бұрын - 125, 10 жыл бұрын - 146, ал 20 жыл бұрын 185 ЖОО болған еді. Білім беретін жоғары оқу орындары ішінде 83 университет, 16 академия, 12 институт және оларға теңестірілен консерватория, жоғары мектеп пен жоғары училище, 9 ұлттық жоғары оқу орны, 2 ұлттық зерттеу университеті бар. Республика жоғары оқу орындарында 36,4 мың оқытушы білім береді. Оның 2,6 мыңы - ғылым докторы, 11,1 мыңы - ғылым кандидаты, 2,4 мыңы - профессор, 5,2 мыңы - доцент ғылыми атағын алған. 3,4 мың оқытушының философия докторы ғылыми атағы бар.

Сіздің реакцияңыз?
Ұнайды 0
Ұнамайды 0
Күлкілі 0
Ашулы 0

Серіктес жаңалықтары