$ 448.15  483.46  4.86

«134 млн теңге пара алған»: Орал қаласының бас құрылысшысына қатысты сот басталды

Ол кәсіпкерден алдын ала келісілген 170 млн теңгенің 134 млн теңгесін пара ретінде алған.

БҚО қылмыстық істер жөніндегі мамандандырылған ауданаралық сотында Орал қаласы құрылыс бөлімінің бұрынғы басшысы Арман Өксікбаевқа қатысты сот ісі басталды, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің мәліметі бойынша А.Өксікбаев кәсіпкерден алдын ала келісілген 170 млн теңгенің 134 млн теңгесін пара ретінде алған деген айып тағылған болатын.

А.Өксікбаев 2020 жылдың қазан айынан бастап 2021 жылдың 11 қазанына дейін Александр Нағметовтың сыбайластығы арқылы ЖШС директоры «Ш»-дан пандемия кезеңінде арнайы тәртіпті қолдана отырып, мемлекеттік сатып алу шартын жасасуға жәрдем көрсеткен. Сондай-ақ Орал қаласында «Нұрлы жер» мемлекеттік бағдарламасы бойынша жалпы сомасы 2,2 млрд теңгенің 9 қабатты екі тұрғын үйдің құрылысы бойынша орындалған жұмыстардың актілеріне кедергісіз қол қойған.

Сотта А.Өксікбаевпен бірге «Сырласу» ЖШС жүргізушісі А.Нағметовтің ісі де қаралуда. Алдын ала тыңдау кезінде сотталушылардың адвокаттары қамауда ұстау түріндегі бұлтартпау шарасын үйқамаққа ауыстыру және істі қосымша тергеу үшін прокуратураға жіберу туралы өтініш білдірді.

Судья Асланбек Дүйсенғалиев бұл өтініштерді қанағаттандырған жоқ. Басты сот талқысы 9 маусымға белгіленді. Еске сала кетейік, бұдан бұрын 134 млн теңге пара алған Орал қаласының бас құрылысшысына қатысты істі сотқа берілгенін жазған болатынбыз.

Сіздің реакцияңыз?
Ұнайды 0
Ұнамайды 0
Күлкілі 0
Ашулы 0

Серіктес жаңалықтары