ШҚО Риддер қаласында 10 мамырдағы 300 гектар орман өртіне қатысты іс қаралды. Айта кетсек, кәуап пісірген бір адамның кесірінен ондаған үй өртеніп, 2 адам қаза тапқан, деп хабарлайды Paryz.kz.
Полицейлер тапқан 36 жастағы азамат отбасымен бірге табиғатқа шығып, кәуап пісірген. Оның шоғы жерге түсіп, өрт шыққан. Ер адам оны өзі сөндіріп көрген. Бірақ күші жетпейтінін түсінгеннен кейін оқиға орнынан қашып кеткен. Алайда оның келіп-кеткенін жұрт көрген.
Сот шешімімен төтенше жағдайға кінәлі жігіт 2 жылға бас бостандығынан айырылды. Судья оның асырауында кішкентай баласы бар екенін ескерген. Сондай-ақ ол зардап шеккендерге 125 миллион теңгені бөліп төлеуге міндеттелді. Бірақ құқық қорғаушылар бұл айыппұлды «ойға қонымсыз шара» деп отыр.
«125 миллион теңгені зардап шеккендерге беру керек деген мүмкін емес қой. Себебі адам бас бостандығынан айыру мекемесінде отырғанда көп жағдайда жұмыссыз болады. Ал одан шыққаннан кейін табысының жартысын беріп отырған күннің өзінде өмір бойы айыппұл төлеп өтеді. Оны толығымен төлеп үлгермеуі де мүмкін, - дейді заңгер Алексей Божко.
Сотталушы аппеляцияға шағым түсіре алады. Ал өрт салдарынан зардап шеккендерге жаңа баспана берілді.