Күні кеше ғана әлеуметтік желілерде Алматы облысы мәслихатының хатшысы Дәулет Жарасбаевтың жүргізушісі көлігіне жалған нөмір тағып алғаны түскен видео тараған болатын. Халық қалаулысының жүргізушісі көлігіне 702 YEZ 02 жалған нөмірін тағып алып, Талдықорған қаласында емін-еркін жүрген, деп хабарлайды Skifnews.kz ақпарат порталы.
Журналист Сандуғаш Дүйсенова депутаттың жол қозғалысы ережесін бұзғанын бірден видеоға жазып алған. Дүйсенованың айтуынша, ол Жарасбаевтың қылмысын әшкерелеу үшін күні бойы соңынан жүріп аңдыған.
«Мен әсіресе көлік жүргізушісінің полицияға KIA KH009VV05 автокөлігінің «Техникалық құралдарды тіркеу туралы куәліктің төлнұсқасын» көрсеткенде таң қалдым. Құжат ҚР ішкі істер министрлігінің 2000 жылғы 24 тамыздағы № 463 бұйрығы негізінде жазылған. Біздің полицейлер мұның жалған құжат екенін түсінбейтіндей, шенеуніктерден соншалықты қорқа ма?», - дейді Сандуғаш Дүйсенова.
Кейіннен мәслихат хатшысына айыппұл салған екі полицейді Антикор қызметкерлері ұстағаны туралы ақпарат шықты.
«Әлеуметтік желілерде Сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызметі Алматы облысы бойынша Жол полициясының екі қызметкерін ұстағаны туралы ақпарат таратылуда. Бұған дейін полиция қызметкерлері мәслихат хатшысын жауапқа тартқаны хабарланған болатын. Антикоррупциялық қызмет атынан аталған фактілер бір-бірімен ешқандай байланысы жоқ екенін хабарлаймыз. Жұртшылықтан жалған ақпарат таратпауды сұраймыз», - делінген Антикордың ресми мәлімдемесінде.
Бұл істі қолға алған Алматы облысының полиция департаменті осы оқиғаға қатысты тексеру нәтижесі туралы айтты.
«KIA автокөлігіне жалған мемлекеттік нөмір қолдану фактісі расталды. Тексеріс нәтижесінде көлік шынымен де облыс әкімдігінің балансында екені белгілі болды. Қызметтік көліктің 45 жастағы жүргізушісі ҚР ҚК 590-бабының 3-бөлігі (Көлік құралына көрінеу жалған немесе жалған мемлекеттік тіркеу нөмірлерін тағу) және 590-бабының 4-бөлігі (Көрінеу жалған немесе жалған мемлекеттік тіркеу нөмірлері бар көлік құралын жүргізу) бойынша жауапқа тартылды. Қазіргі уақытта қызметтік көлік арнайы автотұраққа қойылды», - деп түсіндірді Алматы облыстық полиция департаменті.