29.05.2022, 04:54

Ғалымдар шетел мұрағаттарынан тарихымызға қатысты құжаттарды іздеуге кірісті

Фото: ашық дереккөз
Қазақстанның бес мұрағат ұйымының тарихшылары ғылыми ізденісті Ресейдің ең ірі мемлекеттік кітапханасынан бастады.

Тарихи кітаптар, көне қолжазбалар мен ортағасырлық карталар. Қазақстандық ғалымдар шетел мұрағаттарынан Қазақстан тарихына қатысты сирек құжаттарды іздей бастады, деп хабарлайды 24.kz.

«Мұрағат-2025» бағдарламасы аясында Мәскеуге аттанған ғылыми экспедиция нәтижесінде қолжазбалар мен сирек кітаптар ұлттық орталығының қызметкерлері құнды тарихи құжаттар тізімін жасады. Көп ұзамай олар ғылыми айналымға енгізіліп, қазақстандық ғалымдар үшін қолжетімді болады.

Қазақстанның бес мұрағат ұйымының тарихшылары ғылыми ізденісті Ресейдің ең ірі мемлекеттік кітапханасынан бастады. Мәскеудегі 16 күндік ғылыми-зерттеу жұмыстары Ресейдің одан басқа жеті қорында, соның ішінде әскери тарихи мұрағат пен сыртқы саясат мұрағатында жүргізілді.