Павлодар облысында белгісіз заттан уланған жетінші адам көз жұмды, деп хабарлайды Skifnews.kz ақпарат порталы Pavlodarnews.kz-ке сілтеме жасап.
Басылымның мәліметінше, марқұм 28 мамырда Ертіс аудандық ауруханасынан Павлодар қалалық №3 аурухананың жансақтау бөліміне жеткізілген. Облыстық денсаулық сақтау басқармасының хабарлауынша, 48 жастағы ер адамды аман алып қалу мүмкін болмаған.
Еске сала кетейік, бұған дейін Павлодар облысы Ертіс ауылында белгісіз заттан жеті адам уланып, бесеуінің қайтыс болғанын хабарлаған едік. Кейін 1980 жылғы тағы бір азамат ауруханада көз жұмды.
Облыстық полиция департаментінің мәліметінше, мән-жайды анықтау кезінде марқұмдардың Ертіс ауылының тұрғынында бір ыдыста сақталған шығу тегі белгісіз сұйықтықты ішкені белгілі болған.
Полиция қызметкерлері аталмыш ыдыс алынып, сараптама тағайындалғанын мәлім етті. Осыдан кейін марқұмдардың өліміне не себеп болғаны анықталмақ.