30.05.2022, 07:02

УЕФА Қазақстан футбол федерациясына айыппұл салды

Ұлттық құраманың матчтарына жанкүйерлерді қатыстырмау туралы шешім шығаруы мүмкін.

Ұлттар лигасында Қазақстан мен Молдова матчында жанкүйерлердің трибунадан заттарды лақттырғаны және алаңға жүгіріп шыққаны үшін УЕФА тарапынан Қазақстан футбол федерациясына 19 250 еуро көлемінде айыппұл салынды.

Осыған орай Қазақстан футбол федерациясы жанкүйерлердің қолдауына алғысын білдіре отырып, Ұлттар лигасында 3 маусым күні елордада «Астана Аренада» Әзербайжан құрамасымен өтетін матч қарсаңында үндеу жариялады.

«Мұндай әрекеттер жалғасатын болса, УЕФА ұлттық құраманың ойындарына одан да қатаң талап қоюы ықтимал. Мәселен, ұлттық құраманың матчтарына жанкүйерлерді қатыстырмау туралы шешім шығаруы мүмкін. Сол себепті алдағы ойындарда қолдаудың жоғары әрі мәдениетті деңгейін көрсетуге шақырамыз.Түсіністік танытқан әр жанкүйерге ыстық ықыласымызды білдіріп, ұлттық құраманы әрқашан қолдайды үміттенеміз» делінген хабарламада.