Алматы облысында клиентті бұрағышпен өлтірген такси жүргізушісі ұсталды, деп хабарлайды Sputnik Қазақстан.
Бұған дейін әлеуметтік желіде тіркемесі бар полиция көлігінің видеосы тараған болатын. Әдетте ондай тіркемемен мәйітті алып кетеді. Бейнежазбада оқиға Қаскелең қаласындағы Қарлығаш тұрғын үйі кешені жанында болғаны туралы жазылған. Полиция бұл ақпаратты растады.
29 мамырда дене жарақаты бар 45 жастағы ер адамның мәйіті табылды. Ол тұрғын үйдің кіреберісінде шлагбаумның жанында жатқан. Оны кеуде тұсынан үшкір затпен ұрып өлтірген.
«Тексеріс кезінде қылмыс жасаған такси жүргізушісі ұсталды. Ол клиентпен жанжалдасқан. Содан монтаждық бұрағышпен кеудесінен ұрған. Кейін оқиға орнынан қашып кеткен», - дейді полицейлер.
Тәртіп сақшылары күдіктіні үйінен ұстады. Бұрын сотталған 45 жастағы ер адам қамауға алынды. Қазіргі кезде Қылмыстық кодекстің 99-бабы («Адам өлтіру») бойынша сотқа дейінгі тергеу шаралары басталды.
Осы бапта сегіз жылдан он бес жылға дейiнгi мерзiмге бас бостандығынан айыруға жазасы қарастырылған.