«146 млн теңгені қолды қылды» деген күдікке ілінген Ұлттық музей басшысы Арыстанбек Мұхамедиұлы 12 жылға дейінгі мерзімге бас бостандығынан айырылуы мүмкін, деп хабарлайды Atameken Business.
Екі айға қамауға алынған экс-министрдің өзі бұл айыппен мүлдем келіспейді. Тіпті, істің ақ-қарасын ажырату үшін сырттан халықаралық сарапшыларды тартпақ ойы бар.
Тағы оқыңыз: Арыстанбек Мұхамедиұлы ұсталды - Антикор
«Қазақстан Республикасы Ұлттық музейінің лауазымды адамдарына және басқа да тұлғаларға бюджет қаражатын жымқыру белгілері бойынша 146 миллион теңге сомасында сотқа дейінгі тергеп-тексеруді жүргізеді.
2022 жылғы 28 мамырда соттың санкциясымен Ұлттық музей директоры Арыстанбек Мұхамедиұлына қатысты «күзетпен ұстау» бұлтартпау шарасы таңдалды», делінген Нұр-Cұлтан қаласы бойынша Сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызмет таратқан ақпаратта.