31.05.2022, 05:22

Арыстанбек Мұхамедиұлы 12 жылға сотталуы мүмкін

Екі айға қамауға алынған экс-министрдің өзі бұл айыппен мүлдем келіспейді.

«146 млн теңгені қолды қылды» деген күдікке ілінген Ұлттық музей басшысы Арыстанбек Мұхамедиұлы 12 жылға дейінгі мерзімге бас бостандығынан айырылуы мүмкін, деп хабарлайды Atameken Business.  

Екі айға қамауға алынған экс-министрдің өзі бұл айыппен мүлдем келіспейді. Тіпті, істің ақ-қарасын ажырату үшін сырттан халықаралық сарапшыларды тартпақ ойы бар.

Тағы оқыңыз: Арыстанбек Мұхамедиұлы ұсталды - Антикор

«Қазақстан Республикасы Ұлттық музейінің лауазымды адамдарына және басқа да тұлғаларға бюджет қаражатын жымқыру белгілері бойынша 146 миллион теңге сомасында сотқа дейінгі тергеп-тексеруді жүргізеді.

2022 жылғы 28 мамырда соттың санкциясымен Ұлттық музей директоры Арыстанбек Мұхамедиұлына қатысты «күзетпен ұстау» бұлтартпау шарасы таңдалды», делінген Нұр-Cұлтан қаласы бойынша Сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызмет таратқан ақпаратта.