$ 494.87  520.65  4.91

«Қаңтар қасіретіне билікті күшпен басып алуға тырысу басты негіз болғаны анық» - сарапшы

Қаңтар оқиғасы Мемлекет басшысын аяқтан шалу үшін жасалған күштердің қадамы болған. Өйткені, қазір айтып жүрген реформалар қаңтарда басталуы керек болатын.
Фото: ашық дереккөз
Фото: ашық дереккөз

2022 жыл дүрлігіп басталды. Жыл басы «қаралы қаңтар» аталып кетті. Тек ресми мәліметтер бойынша, қаңтар айындағы Қазақстанды дүр сілкіндірген оқиғаларда кемінде 227 адам қаза тауып, мыңдаған адам жарақат алған. Ақорда елге «шетелде оқытылған террористер» мен «қарулы бандиттер» шабуыл жасағанын мәлімдеп, ҰҚШҰ-дан көмек сұрады. Қаралы оқиғадан бері бес ай өтсе де, қаңтардағы қантөгіс жайлы бірқатар сұрақтың әлі де жауабы жоқ...

2022 жылдың басында Қазақстанда бұрын ешкім елестете де алмаған оқиғалар болды. Жаппай бүлікке Маңғыстау облысының Жаңаөзен қаласында басталған өмір сүру жағдайының нашарлауына қарсы митингілер себеп болды. Бұл наразылықтардың триггері ретінде автокөліктерге деген газ бағасының екі есеге, литріне 60 теңге болған бағаның бірден 120 теңгеге көтерілгенін қарастыруға негіз бар. Алайда, наразылық білдірушілердің алаңға шығуына бұл ғана себеп емес еді, өйткені бір Маңғыстау емес, Қазақстанның басқа да өңірлерінде халықтың тұрмыс деңгейінің нашарлауына қатысты наразылық деңгейінің өсуіне өзге де елеулі мәселелер әсер етті.

Наразылықтар Алматы және еліміздің басқа да қалаларында өтті. Кейін белгілі болғандай, бейбіт түрде наразылық білдірушілерге мародерлер, сондай-ақ, террористер қосылған, олардың әрекетін біреулер арнайы үйлестірген және мақсат – Қазақстандағы билікті күшпен басып алу болған.

Президент Қасым-Жомарт Тоқаев алғаш рет 6 қаңтарда Қауіпсіздік Кеңесінің жедел отырысында «Қазақстанға шабуыл жасағандар шын мәнінде, нағыз террористік күштер. Осыған байланысты біз оларға қарсы күрес жүргізу үшін терроризмге қарсы операцияны қолға алуымыз керек», деді. 

Президент аталған «Террористік бандалар» шын мәнінде «халықаралық» болып саналатынын, олар шетелде арнайы дайындықтан өткенін және олардың Қазақстанға шабуылын агрессия актісі ретінде қарау керек екенін мәлімдеді. 

«Осыған байланысты, Ұжымдық қауіпсіздік туралы шартқа сүйене отырып, мен бүгін ҰҚШҰ мемлекеттерінің басшыларына Қазақстанға аталмыш террористік қатерді еңсеруде көмек көрсетуін айтып жүгіндім», - деді Президент.

Ал, наурыз айындағы Қазақстан халқына Жолдауында Мемлекет басшысы халық  Тәуелсіздіктің қадір-қасиетін жан-жүрегімен сезінгенін айтты.

«Бұл оқиғалар тұтас қоғамды дүр сілкіндірді. Халқымыз бұрын-соңды болмаған қауіп-қатермен бетпе-бет келді. Мемлекетіміздің тұтастығына және егемендігімізге зор қауіп төнді. Осы күндерде жұртымыз Тәуелсіздіктің қадір-қасиетін жан-жүрегімен сезінді. Татулық пен тұрақтылық, тыныштық пен бейбітшілік қаншалықты маңызды екенін жете түсінді.

Біз мызғымас бірліктің арқасында мемлекетімізді қорғап қалдық. Уақытылы және батыл шешім қабылдап, лаңкестерге тойтарыс бердік. Мен қашанда бәрін ашық айтып жүрмін. Індет кезінде қалыптасқан ахуал жөнінде жұртшылыққа үнемі ақпарат беріп отырдым», деді Қасым-Жомарт Тоқаев.

Әділет министрлігі Сот сараптамалары орталығы директорының сот-сараптама мәселелері жөніндегі орынбасары Ілияс Исмаилов бүгінгі ахуал тұрғысынан терроризм мен экстремизмге қарсы күрес мемлекеттің ең басым міндеттерінің бірі болуға тиіс екенін айтады. Бұл дегеніміз идеологиялық, ұйымдастырушылық, әдіснамалық және басқа да шешімдердің кең спектрін қабылдауды қамтиды.

«Қаңтар оқиғасының дамуына себеп болған қарапайым адамдардың ұмтылысын түрлі террористік және қылмыстық элементтер қолданып кетуге тырысып бақты. Бұл оқиғалар біздің әл-ауқатымызға қауіп төндіретінін және оған тек бірге қарсы тұруға болатындығын еске салды. Әрине, көп нәрсе уәкілетті органдарға байланысты, бірақ менің ойымша, қоғамның әрбір мүшесінің елде болып жатқан процестерге қатысуы мен қатысуын сезінуі аса маңызды», - деп атап өтті сарапшы.

Ал, ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты Ерлан Саиров қаңтар оқиғасы реформаларды болдырмау үшін жасалған әрекет екенін айтады.

«Биыл қаңтар айында қоғамды дүр сілкіндірген оқиғалар бүгінгідей реформаларды болдырмау мақсатында жасалған қадам дер едім. Аталмыш реформалар қаңтар оқиғасынан бірнеше ай бұрын дайын болған еді. Қаңтар оқиғасы Мемлекет басшысын аяқтан шалу үшін жасалған күштердің қадамы болған. Өйткені, қазір айтып жүрген реформалар қаңтарда басталуы керек болатын», – дейді ол.

«Қаңтар оқиғасына тек соңғы 5-6 жылда ушыққан әлеуметтік-экономикалық проблемалар ғана нағыз себеп болды деп атау қиын».

Кезекті Парламент Мәжілісінің жалпы отырыстарының бірінде белгілі құқық қорғаушы, заңгер Айман Омарова осылай деген болатын.

«Билік ұзақ уақыт ауыспаған кезде, қоғамның барлық саласында жемқорлық тереңдеп кеткен кезде мұндай оқиғалардың орын алатыны сөзсіз. Қаңтар қасіретіне билікті күшпен басып алуға тырысу басты негіз болғаны анық. Ал өзге қылмыстық құқықбұзушылықтар – түпкі мақсатқа жетудің үздік тәсілі ғана. Түрлі бұқаралық ақпарат көздеріне берілген ақпараттан, қаңтар оқиғасында қолданылған небір технология, оқиғаларды бағамдай келе, жаппай бүлікті кәсіби арнайы дайындықтан өткен топтар басқарды деп айтуға толық негіз бар. Ол топтарды арнайы қызметтің, оның ішінде криминалдық топтың адамдары басқарған», - деген пікірде адвокат. 

Еліміздегі 2022 жылғы қаңтар айындағы оқиғалардың тамыры тереңде. Бұл соңғы жылдары қоғамда жинақталған әлеуметтік, экономикалық және психологиялық эмоциялардың шашырауы болды. Қаралы қаңтар айында мемлекеттік төңкеріс жасалмақ болды. Ал, егер мұндай жоспар іске аспаған болса, қыршын кеткендер де болмас па еді?.. 

Бүгінде  біз болған жайтты әр қырынан талдап, саралап келеміз және жинақталған проблемаларды шешу терең жүйелік сипатқа ие екенін жақсы түсінеміз. Олардың шешімі таза заңды нысанда болуы керек және бұл үшін жүйелі жұмыс қажет.

Сіздің реакцияңыз?
Ұнайды 0
Ұнамайды 0
Күлкілі 0
Ашулы 0

Серіктес жаңалықтары