Ресейдің қант экспортына тыйым салуы салдарынан Қазақстанда қант тапшылығы туындап отыр. Бұл туралы ҚР Премьер-Министрінің орынбасары, сауда және интеграция министрі Бақыт Сұлтанов мәлімдеді, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.
Министрдің сөзінше, ЕЭК Кеңесінің 2022 жыл 15 сәуірдегі шешімі шеңберінде Қазақстан Республикасына 2022 жылғы 31 тамызға дейін 350 мың тонна көлемінде ақ қант пен шикі құрақ қантты бажсыз әкелу құқығы берілген.
“Қазақстан аумағында қант тиелген 152 вагон (10 мың тоннадан аса) келе жатыр, 58 вагон түсіру орнына жетті, 94 вагон межелі станцияға 7 тәулік ішінде келеді”, – дейді Бақыт Сұлтанов.
Вице-премьердің айтуынша, 27 мамырда Нұр-Сұлтан қаласына «Азық-түлік келісім шарт корпорациясы» 2 вагон қант (шамамен 130 тонна) келіп түскен. Ал 30 мамырда Нұр-Сұлтанға келген қантты Magnum сауда желісі сатып алды, ол бөлшек сауда орындарына жеткізілуде.