01.06.2022, 21:39

Министр Шымкенттегі жарылыстың қасақана жасалуы мүмкін екенін айтты

21 мамырда Шымкентте аурухананы қажетті препараттармен қамтамасыз ететін дәріханада жарылыс болды.

Төтенше жағдайлар министрі Юрий Ильин Шымкентте перзентхана маңындағы ауруханааралық дәріханада болған жарылыстың бірнеше себебі қарастырылып жатқанын айтты.

Айтуынша, онда дәрілік заттарды өндіруге арналған химиялық заттар көп мөлшерде сақталған.

"Жарылыс сутегі тотығы салдарынан мүмкін. Тағы бір нұсқа бойынша нысандағы қозғалыс сенсорлары іске қосылған. Жедел-іздестіру шаралары барысында күзет компаниясы бөлмедегі құрылғылар қозғалысты тіркегенін айтып отыр. Өзге нұсқалар қарастырылып жатыр, қасақана жасалуы да мүмкін", - деді Ильин үкімет үйінің кулуарында.

Еске салсақ, 21 мамырда Шымкентте аурухананы қажетті препараттармен қамтамасыз ететін дәріханада жарылыс болды. Дәріхана перинаталды орталықтың маңында орналасқан.

Жарылыстан кейін үйінді арасынан күзетшінің мәйіті табылды. Денесін өрт шалған. Сондай-ақ перзентханада жатқан бір шақалақ пен 1980 жылғы жұмысшы көз жұмды.

sputnik.kz