$ 494.87  520.65  4.91

БҚО тұрғыны құны 4,5 млн астам теңге тұратын киікті тірідей ұстап алған

Ол киікті электр бақташы сымына оралып қалған жерінен тауып алдым деп түсіндірген. Жүксалғышта киікке қоса бұзау да жатқан. Оны өзімдікі деген.
Фото: ашық дереккөз
Фото: ашық дереккөз

Батыс Қазақстан облысында құны 4,5 млн астам теңге тұратын киік текесін тірідей алып бара жатқан тұрғын ұсталды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі. «Охотзоопром» ӨБ» РМҚК Батыс өңірлік филиалынан мәлім еткеніндей, оқиға 31 мамыр күні Ақжайық ауданы аумағында болды. Чапаев-Жаңақала тас жолының Дөңгелек елді мекені бұрылысында «Нива Шевроле» автокөлігін тоқтатып, тексерген кезде артқы жүк салғышынан бір бас киік текесі шыққан.

«Автокөлікте бір адам болған. Ол киікті электр бақташы сымына оралып қалған жерінен тауып алдым деп түсіндірген. Жүксалғышта киікке қоса бұзау да жатқан. Оны өзімдікі деген. Аталған дерек бойынша ҚР ҚК 339-бабы 1-1-бөлігіне (киікті заңсыз қолға түсіру, жою, сол сияқты заңсыз қолға түсірілген киікті немесе оның дериваттарын, оның ішінде мүйіздерін иемдену, сақтау, өткізу, әкелу, әкету, жөнелту, тасымалдау) сәйкес қылмыстық іс қозғалды», деп хабарлады ведомстводан.

Аталған бап бойынша кінәлі деп табылған адам мүлкі тәркіленіп, үш жылдан бес жылға дейінгі мерзімге бас бостандығын шектеуге не сол мерзімге бас бостандығынан айыруға жазаланады. БҚО Орман шаруашылығы және жануарлар дүниесі аумақтық инспекциясының бас маманы Райымбек Шампаевтың нақтылауынша, киік текесінің құны 4 млн 594,5 мың теңгеге бағаланады. 

«Биылғы әуе санағының нәтижесі бойынша облыстағы киік саны 801 мыңды құрады», деді Р.Шампаев.
 

Сіздің реакцияңыз?
Ұнайды 0
Ұнамайды 0
Күлкілі 0
Ашулы 0

Серіктес жаңалықтары

Тегтер:

#БҚО #киік