$ 494.87  520.65  4.91

Ақтөбеде тұрғындарға берілген жер телімі қоқыс полигонына тиесілі болып шықты (ВИДЕО)

Әкімдік өкілінің айтуынша, бұл ауданда осындай бейберекет жиналған 20-дан астам қоқыс үйіндісі бар. Оның бәрін жою үшін бюджеттен 95 миллион теңгеге жуық қаржы қарастырылып отыр.

Ақтөбеде Рауан ауданынан жер алған тұрғындардың қуанышы ұзаққа созылмады. Жер телімдері заңсыз полигон аумағында екені анықталды, - деп хабарлайды "Астана" телеарнасы.

Тұрғындардың айтуынша, бұл бір жылда жиналған қоқыс емес.

"Бұл жердің қоқысы 1 жыл, 2 жыл емес, 5-6 жыл көлемінде жиналған, жылда қоқыс төгіліп жатқан жер. Біздің талабымыз - жерді тазалап берсе, енді мына қоқыс арасына үй салу мүмкін емес", - дейді Ақтөбе тұрғыны Базарбай Бекжігітов.

Иен далаға қоқысты кім тастап жатқаны белгісіз. Таяқ тастам жерде қоқыс жатса да, көптен күткен жер учаскесіне үй іргетасын құйып, құрылысты бастап кеткендер де бар. 

"Мына қағылған қазық менің жер учаскем, жер көлемі маған берілген. Соның бәріне міне, қоқыс төгіп тастаған. Оның алдында болған жағдай. Үкімет берілген жерді дұрыс тексеріп, қарап бермеген жұртқа", - дейді тұрғын Тимур Бекмұханов.

Телеарна мәліметі бойынша, Рауан-2 ауданындағы мыңнан астам жер учаскесі осыдан 4-5 жыл бұрын берілген. Ол кезде қоқыс болған жоқ дейді қалалық әкімдіктегілер. Жапан далаға жайылған қоқысты жинау үшін тендер өткен айда ғана жарияланған.  

"Келесі аптада егер арыз-шағым болмаса, жеңімпаз мердігер мекеме анықталып, келісімшарт жасалып, жұмыстар басталуы керек", - деді Ақтөбенің Алматы ауданы әкімінің орынбасары Бақұзақ Дарин.

Әкімдік өкілінің айтуынша, бұл ауданда осындай бейберекет жиналған 20-дан астам қоқыс үйіндісі бар. Оның бәрін жою үшін бюджеттен 95 миллион теңгеге жуық қаржы қарастырылып отыр.

Сіздің реакцияңыз?
Ұнайды 0
Ұнамайды 0
Күлкілі 0
Ашулы 0

Серіктес жаңалықтары