Бидай мен ұнды елден шығаруға қойылған шектеулерге қарамастан, Қазақстан бұл өнімдерді дәстүрлі өткізу нарықтарына экспорттау қарқынын сақтап қалады. Бұл туралы Ауыл шаруашылығы министрлігі мәлімдеді, деп хабарлайды LS.
Ведомствода хабарлағандай, бидай экспортына квота геосаяси жағдайға байланысты әлемдік нарықтарда сұраныстың артуына байланысты енгізілді.
Естеріңізге сала кетейік, 1 млн тонна көлеміндегі шектеу сәуір айының ортасында енгізіліп, 15 маусымға дейін сақталмақ. Ал ұн бойынша квота 300 мың тоннаны құрады.
"Енгізілген шектеу шараларына қарамастан, ағымдағы жылы дәстүрлі өткізу нарықтарына бидай мен ұн экспортының қарқыны сақталады деп күтілуде", – деп атап өтті Ауыл шаруашылығы министрлігіндегілер.
Мәселен, статистика бойынша 2022 жылдың қаңтар-наурыз айларында Қазақстан 2 млн тоннадан астам бидай экспорттады, бұл өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 1,6 есе көп.
Отандық ұнға да сұраныс артқан. Есепті кезеңде шетелге 35,6% өсіммен 468 мың тонна сатылған.
Бұдан бөлек, ведомство мәліметінше, 23 мамырда 318,4 мың тонна (квоталардың жалпы мөлшерінің 32%) көлемінде бидай және 171,1 мың тонна (57%) ұн шығаруға рұқсат берілді.
"Әлемдік бидай нарықтарындағы жағдайды бағалау және көктемгі егіс жұмыстарының қорытындысы бойынша шектеу шараларын ұзарту немесе жою мәселесі қаралады", - деп түсіндірді Ауыл шаруашылығы министрлігі.
Сонымен қатар, бұл шектеуді 1 қыркүйекке дейін ұзарту жоспарлары туралы хабарланды.
Сонымен қатар, сәуір айының басында Ауғанстан басшылығы Қазақстанның оларды әкетуге шектеу қою жоспарларына байланысты Ресейден бидай мен ұн әкелуді жоспарлап отырғаны туралы ақпарат таратылды.
Министрлік Ресейде 15 ақпаннан 30 маусымға дейін 8 миллион тонна көлемінде квоталар енгізілгенін түсіндірді. Ал ауған тарапының Қазақстаннан Ресейге қайта бағдарлану жоспарлары екі елдің уағдаластықтарына байланысты болмақ.
Сондай-ақ, биылғы жылдың 15 мамырында Қазақстаннан Ауғанстанға 2021 жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 10% өсіммен 412 мың тонна ұн жеткізілгені айтылды.