$ 448.89  477.93  4.76

«Балалар бөтен адамдармен бірге түнеген»: Қызылордада жазғы лагерден шу шықты

Қызылорда қаласындағы жазғы тынығу лагерінен шу шықты. Кейбір ата-аналар балаларын бір күннен соң алып кетіп жатыр.

 Қызылорда қаласындағы жазғы тынығу лагерінен шу шықты. Кейбір ата-аналар балаларын бір күннен соң алып кетіп жатыр.

Айтуыларынша, оқушылар құрылысы аяқталмаған ғимаратта жұмысшылармен бірге түнеген. Балалардың спорт, ойын алаңы атымен жоқ. Ал 10 күнге арналған тегін жолдамамен оқушыларды облыстық білім басқармасы қамтамасыз еткен, деп хабарлады "Астана" арнасы.

Нұргүл Жұмабекованың айтуынша, тынығу лагерінде балалардың демалуына жайлы жағдай жоқ. Оқушылар шаң-тозаңның ортасына ұйықтап, лас бассейнге суға түскен. Ал ішінен киім-кешектерін салатын бірде-бір сөре таппадым дейді ол. "Ең сорақысы жасөспірімдер құрылысшылармен бір ғимаратта түнеген" деп ашулы.

"30 шақты бала бар шығар. Ана жерде 10 күн жатқан балалардың жағдайы не болады? Бөтен адамдармен бірге жатыр. Құрылысшылар екенін білмейді, үшінші қабатта үлкен адамдар жатты дейді", - деп ашынды Нұргүл Жұмабекова.

Нұргүл лагердің асханасын түсіре алмапты. Алайда онда түнеген бір күнде баласы аш қалған. Оқушыларды мұндай тегін жолдамамен білім басқармасы қамтамасыз еткен. Шиелінің Бірлестік ауылынан көпбалалы отбасынан шыққан 4 бала барған екен. Ата-аналар мән жайға қаныққан соң оларды лагерден алып кетіпті.

"Сыр төресі" тынығу лагерінің басшылығы болса, түсірілім тобын ішке кіргізуден бас тартты. "Сыр төресі" лагері мемлекеттік сатып алу туралы заңнамасына сай өткізілген конкурстан жеңімпаз болып танылған. Бірақ ғимараты толық бітпеген, спорт, ойын алаңы жоқ демалыс орнының қандай негізде ұтқандығы ата-аналарға жұмбақ болып отыр. Ал облыстық білім басқармасындағылар әлеуметтік желіге былай деп жазба қалдырған:

"Бүгінгі күні "Сыр төресі" жеке лагерінің келісім-шартта көрсетілген талаптарды орындамауына байланысты екіжақты келісім шартты бұзу жұмыстары жүргізіліп жатқандығын жеткіземіз. Сонымен қатар аталмыш лагерден барлық бала қайтарылып, олар тиісінше жазғы тынығумен қамтамасыз етіледі".
 

Облыс әкімі Нұрлыбек Нәлібаев кешелі бері аудандардағы жазғы тынығу лагерін аралап жүр. Ал қаланың қақ ортасындағы мынандай сұмдық жағдай оның назарынан тыс қалған сыңайлы.

Сіздің реакцияңыз?
Ұнайды 0
Ұнамайды 0
Күлкілі 0
Ашулы 0

Серіктес жаңалықтары