Ninety One тобы тіл мәселесіне қатысты пікір білдірді. Олар барынша өз елінде қазақ тілінде сапалы контент жасап, мемлекеттік тілдің мәртебесін көтеруге септігін тигізгісі келетінін алға тартты, деп жазады KAZ.NUR.KZ тілшісі.
Бұл туралы Ninety One тобы Youtube-тағы «Zamandas» подкастында айтты. Олар басқа әртістер секілді өзге тілде ән айтып, шетелге шығуды мақсат етпегенін жеткізді. Әншілер өз елінде, өз ана тілінде шығармашылығын дамытып, қазақ тілінің жаңа деңгейге шығуына үлес қосқысы келеді.
«Өз тілің бар, өз менталитетің бар. Бәрібір көп нәрсені өз еліңде істегің келеді екен. Сол идеология бәрімізді бір жерге алып келіп тоғыстырды. Бәріміз сол миссиямен келдік. Бірінші кезекте шоу-бизнестің өңін кішкене өзгерту, жаңа нәрсе алып келу, қазақ тілінде сапалы контент жасап бастау. Бізде ол кезде керемет сапаның артынан қуамыз деген ой болған жоқ. Жай ғана шығармашылықпен айналысып, осылай істеуге болады деп көрсеткіміз келді. Одан кейін, сол затпен айналысу барысында біз қазақтілді контентте үлкен проблема бар екенін түсіндік. Жалпы қазақ тілінде үлкен проблема бар екен. Ол проблема біздің иыққа жүк болып түсе салды. «Жауапкершілік ала аласыңдар ма?» деген сияқты.
Бізде альтернатива болған жоқ. Орыс тілінде айтып Ресейге кетіп қалу, қытай тілінде айтып Қытайға кетіп қалу деген ой болған жоқ. Біз нақты қазақша істегіміз келді. Негізі музыкада тіл жоқ. Тіл деген әр елдің өз идентификациясы. Музыка - ол толқын, дыбыс, ырғақ және т.б. Тіл одан кейін қосылатын дүние. Бізге тек қана жүйе керек болды. «Қалай осы нәрсені дұрыс жасауға, халыққа оны қалай паш етуге болады?» деген сұрақ болды. Ерболат Беделхан өз ойымен бөлісті. Ол Корея мысалында қалай істеу керегін түсіндіріп берді. Мәселе боялған шашта емес. Біз қазақпыз. Қазақ болып қаламыз да. Біз тіл мәртебесін көтергіміз келді», - деді топ мүшелері.