09.06.2022, 18:20

Ресейдің санкцияға ұшыраған үш банкінде қазақстандықтардың 500 млрд теңге депозиті жатыр

Фото: ашық дереккөз
Осы банктер жұмысын тоқтатқан жағдайда қазақстандықтар сол банктерге салған ақшасын қайтара алды ма?

Сбер банк, Альфа банк және ВТБ – Батыс елдері санкцияға енгізген осы үш банкте қазақстандықтардың 500 млрд теңге көлеміндегі салымдары мен депозиттері жатыр. Бұл туралы Сенат отырысында Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігінің төрағасы Мадина Әбілқасымова айтты, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.

Бүгінгі отырыста Қазақстанның кейбір заңнамалық актілеріне сақтандыру нарығын және бағалы қағаздар нарығын реттеу мен дамыту, банк қызметі мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы заң жобасы қаралған. Құжатты талқылау барысында сенатор Андрей Лукин Мадина Әбілқасымоваға сұрақ қойды.

«Геосаяси жағдайларға байланысты Қазақстанда жұмыс істейтін Ресейдің кейбір банктері санкцияға ұшырады. Осыған байланысты сұрақ қояйын деп едім: ресейлік банктерде салымы немесе депозиті бар азаматтарымыздың жағдайы қалай? Осы банктер жұмысын тоқтатқан жағдайда қазақстандықтар сол банктерге салған ақшасын қайтара алды ма?», - деп сұрады министр.

Бұл сұраққа жауап берген Мадина Әбілқсымова ақпаннан бастап Қазақстан азаматтары Ресей банктеріндегі салымын отандық банктерге сала бастағанын атап өтті.

«24 ақпанан бастап Ресейдің еншілес үш банкі – Сбер банк, Альфа банк және ВТБ санкцияға ұшырады. Олардың жұмысына белгілі бір шектеулер енгізілді. Атап айтқанда, корреспондеттік шоттар жабылып, олардың активтері бұғатталды. Олар сонымен бірге доллармен, фунт стерлингпен есеп айырыса алмай қалды. Сол сәттен бастап еншілес үш банктен депозитін алғысы келетіндердің саны көбейді. Сол депозиттер айналып келіп өзіміздің қазақстандық банктерге келе бастады», - деді Мадина Әбілқасымова.

Агенттік басшысы үш банкте де төлем қабілеті бар екенін айтады.

«Ол банктердің жиынтық портфелі де жоғары. Депозиттерін алғысы келетін, ол ақшасын Қазақстанның банктеріне аударғысы келетін клиенттердің бәрінің талаптары толық орындалды. Қазіргі уақытта аталмыш банктерде жеке және заңды тұлғалардың 500 млрд көлеміндегі депозиттері әлі сақталып тұр. Сонымен бірге бұл банктердің 1,7 трлн теңгелік ликвидтілігі барын атап өту керек. Ликвидті соманың өзі 590 млрд теңге. Осылайша, бұл сома заңды және жеке тұлғалардың талаптарын орындауға толық жетеді», - деп атап өтті ол.

Мадина Әбілқасымованың айтуына қарағанда, Альфа-банкті Банк Центр Кредит сатып алған. Оның атауы өзгерген. Альфа банк – Эко-банкке айналып, БЦК-ның бір бөлігіне айналады.

«Тиісінше, жеке және заңды тұлғалардың салымдары мен депозиттері БЦК-ның еншісіне беріледі. Міндеттемелердің бәрі осы банк орындайды. Сол себепті бұл бағытта алаңдайтындай ештеңе жоқ», - деп түйді агенттік басшысы.