09.06.2022, 20:00

Ақтөбеде қаңғыбастардың атынан фирма ашып, миллиондап табыс тапқандардың жолы кесілді

Ал «бизнестегі» айналым ақшасы 2021 жыл мен 2022 жылдың сәуір айында 800 миллион теңгені құраған.

Ақтөбе облысында әлеуметтік орталықтарды паналаған 14 адамның 800 миллион теңгелік табысы бар кәсіпкер екені анықталды. Көлеңкелі бизнестің жолын Алматы ауданы прокуртурасы әшкереледі, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Ақтөбе қаласы Алматы ауданының прокуратурасы көлеңкелі экономиканың бір тармағын анықтап, жолын кесті. Баспанасы жоқ адамдар паналайтын әлеуметтік орталықтың 14 тұрғыны кәсіпкер ретінде тіркелген. Жауапкершілігі шектеулі серіктестіктің директоры әрі құрылтайшысынан сұраған кезде мұның бәрінен хабарсыз болып шықты. «Құжатта көрсетілген адамдардан мән-жайды сұраған кезде олардың бизнеске еш қатысы жоқ екені анықталды. Үшеуі – І және ІІ топ мүгедегі. Ал «бизнестегі» айналым ақшасы 2021 жыл мен 2022 жылдың сәуір айында 800 миллион теңгені құраған. Қазір осы дерекке байланысты салық органдарына кемшілікті жою туралы ұсыныс берілді. Ал іс материалы Экономикалық тергеу департаментіне жіберілді», - деді Ақтөбе қаласы Алматы ауданының прокуроры Жасұлан Дәулембаев. Еске салсақ, Қаржылық мониторинг агенттігі Ақтөбе облысы бойынша аумақтық департаментінің қызметкерлері алкоголь өнімін қолдан жасап сататын астыртын цехты анықтады. Күдікті өз үйінде әртүрлі атаудағы алкоголь өнімдерінің өндірісін ұйымдастырып, дайын өнімді жалған есепке алу-бақылау таңбаларымен таңбалаған.